Бабалардың ерлік рухын жаңғыртқан көкпар чемпионаты

Бабалардың ерлік рухын жаңғыртқан көкпар чемпионаты

Талғар ауданында ұлттық спорттың маңызын ұлықтаған маңызды шара өтті — жастар арасындағы көкпардан ХІХ Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Жарыс «Almaty Horse and Polo Club» базасындағы «Ақбұлақ» атшабарында ұйымдастырылды.

Биылғы додаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 16-23 жас аралығындағы 156 спортшы қатысты. Турнир ұлттық құрама сапына іріктеу мақсатында өткізілді.

Жарыстың ашылу салтанатында көкпардың тамыры тереңде жатқан, ерлік пен рухты ұштастыратын тарихи спорт екені ерекше атап өтілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда. Көкпар – тек ойын емес, ол — мінез, батылдық пен бірліктің көрінісі. Ұйымдастырушыларға және ұлттық спортты дамытуға атсалысып жүрген барша азаматтарға алғыс білдіреміз», – деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.

«Көкпар – халқымыздың мәдени мұрасы. Бұл чемпионат жастар ұлттық құрамасына үздіктерді іріктеуге бағытталған. Енді көкпар лиғасын құру, кәсіби спорт жүйесіне көшу жоспарланып отыр», – деді ҚР көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров.

Алғашқы республикалық чемпионат 2001 жылы өткен болатын. Бүгінде көкпар халықаралық спорт түріне айналып, әлемдік аренада мойындалуда. Айтулы мысал – Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, онда Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан басым түсіп, чемпион атанған еді.

Жеңімпаздар мен марапаттар

  • 1 орын — Жамбыл облысы
  • 2 орын — Шымкент қаласы
  • 3 орын — Алматы облысы

Жүлде қоры 12 350 000 теңгені құрады.

Марапаттар: кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтар.

Арнайы номинациялар:

– Үздік ойыншы

– Үздік шабуылдаушы

– Үздік балуан

– Үздік тұлпар

Жеңімпаздарға ҚР спорт шебері атағы берілді, жүлдегерлерге – спорт шеберлігіне кандидат атағы табысталды.

Ұйымдастырушылар: ҚР Туризм және спорт министрлігі, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, спортты дамыту орталығы, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, республикалық көкпар федерациясы.

Бас серіктес: «Самұрық-Қазына» қоры

Демеуші: Sport Qory – спортты қолдау қоры