Дикторлар байқауы

Шартарапқа ұлттың үнін шалқытқан Шалқар радиосына биыл 60 жыл. Айтулы мерекеге орай қазақтан шыққан тұңғыш радио дикторы Мина Сейітова атында дикторлар байқауы өтті. Оған елімзің әр аймағынан 30 шақты үміткер қатысып, шығармашылық қабілетін көрсетті. Шығармашылық сайысқа ел бойынша 17 мен 35 жас аралығындағы 29 үміткер қатысты. Олар көрнекті жазушы Ғабиден Құлақыметтің шығармаларынан екі минуттық үзінді оқып, оны аудио файл түрінде ұсынды. Ал қазылар алқасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і журналистика факультетінің оқытушысы Берікбол Төлегеннің оқу мәнерін бәрінен жоғары бағалап, бас жүлдені берді.   

БЕРІКБОЛ ТӨЛЕГЕН
БАЙҚАУДЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ  
«Мұндай кәсіби байқауда жеңімпаз атану маман ретінде де құныңды арттырады. Осы байқаудың жарияланғанын естіген кезімде өзімді бір сынап көрейін деген ой болды. себебі мен мектеп кезінде көркем сөз оқу байқауларына жиі қатыстым. Сол әдетпен қатыстым жеңімпаз атандым, өте қуаныштымын.»

Дикторлар байқауының басты талабы – дауыс мәнері арқылы ұлт болмысына тән қоңыр үнді таныта білу. Ұйымдастырушылар осылайша қазақ эфирінің айтулы дикторлары Мина Сейітова мен Әнуәрбек Байжанбаев сынды саңлақтардың дәстүрін жаңғыртуды мақсат еткен. Ал байқауға  қазылық еткен белгілі радиодиктор Аманжан Еңсебайұлының айтуынша, ел ішінде ерекше дауыс иелері әлі де аз емес.

АМАНЖАН ЕҢСЕБАЕВ 
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ 
«Мына жастарымыз өткенге құрметпен қарап, қазақ руханиятының көш басында тұрған Мина Сейітова сияқты апаларымызға құрмет көрсетіп, байқауға қатысып өздерінің дауысын жазып отырды. Енді мына қазақтың қоңыр үні, қоңыр дауысы, бүкіл даланы күркіретіп шығатын үндер әлі табылмай жатыр. Мүмкін естімей жатқан шығар, соларды көргім келеді»

Қоңыр дауыс – қазақы болмыстың бір бөлшегі. Ал оны заман талабына сай жаңғыртып, эфир мәдениетімен ұштастыру – бүгінгі жас дикторлардың еншісінде. Байқау жеңімпаздары жазушы «Ғабиден Құлахмет қорының» қолдауымен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ оқыңыз: