Автожарыс
Алматы облысында алғаш рет Орталық Азия елдерінің дрифт кубогы өтті. «Сокол» автодромына Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден 20 пилот жиналды. Бұл – Орталық Азияда ұйымдастырылған дрифттен алғашқы ресми халықаралық жарыс. 16 жастағы Билгун Эрхембаяр үшін бұл – халықаралық деңгейдегі алғашқы жарыс. Жас спортшы Моңғолияның намысын қорғады. Оның айтуынша, іріктеу кезеңіне дейін толыққанды жаттығуға мүмкіндігі болмаған. Сондықтан жарыс жолына аздап қобалжып шыққан.
БИЛГУН ЭРХЕМБАЯР
ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
«Халықаралық дрифт жарысына алғаш рет қатысып отырмын. Маған жарыс өте ұнады. Бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды. Қарсыластарым да мықты екен»
Іріктеу кезеңінде ең үздік нәтижені Қырғызстан өкілі Гайратжан Юсупов көрсетті. Кейін жұптық бәсеке басталып, ақтық кезеңге қазақстандық Олег Хридочкин мен Михаил Пак шықты. Нәтижесінде Олег Хридочкин жеңімпаз атанып, басты жүлдені иеленді. Үшінші орынға Александр Бочкарев жайғасты. Жарыстың жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрады.
ЯНИС БЛУШ
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
«Жарыс жолы өте жақсы. Тіпті әлемдегі ең үздік жарыс жолдарының бірі деп айтар едім. Мұнда бәрі анық көрінеді, көрермен орны да өте жақсы орналасқан.
Енді жеңімпаздар Қытайда өтетін арнайы шараға жолдама алды. Ал ұйымдастырушылар Орталық Азияда осындай халықаралық жарыстарды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.