Киноиндустрияның бүгінгі келбеті
Алматыда халықаралық Eurasian Film Market 2026 форумы ашылды. Орталық Азия елдерінің киноиндустриясын қолдау және дамытуға арналған алаңға белгілі кинематографистер мен кино жанашырлары жиналған. Маңызды іс-шара аясында фильм көрсетілімдері мен кәсіби шеберлік сағаттар ұйымдастырылады. Дәстүрге айналған Халықаралық форумда Орталық Азиядағы кино және телевизия индустриясының өкілдері қайта бас қосты. Биылғы іскерлік бағдарламада онлайн кино платформаларының дамуы туралы кеңінен сөз болды. Сондай-ақ жасанды интеллект пен кино, жаңа медианың фильмдерді ілгерілетудегі рөлі және деректі кино мәселелері талқыланады.
СИЛЬВАН ГИОГЕ
ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ
«Францияда Орталық Азия фильмдерін қызығушылықпен көретін көрермен бар екеніне кәміл сенемін. Сондықтан қазір біздің киноиндустрия өкілдерімен екі ел арасында тікелей байланыстарды дамытуға барынша күш салып жатырмыз.»
Жиында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан кинематографистерінің жаңа толықметражды көркем, анимациялық және деректі жобалары халықаралық сатып алушыларға таныстырылады. Осылайша өңірлік кино майталмандары жаңа серіктестер тауып, фильмдерін шетел аудиторияларына ұсынуға мүмкіндік алды.
БОРИС СОБКО
КИНОТЕАТР БАСҚАРУШЫСЫ
« 2023 жылдан бері қазақстандық кино Голливуд фильмдерінен көбірек табыс тауып келеді. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Басқа елдерде ұлттық кино америкалық немесе еуропалық фильмдерден көбірек табыс әкеледі деп айта алмаймын. Сондықтан отандық киноның әлеуеті шынымен де өте жоғары деуге болады.»
Халықаралық жоба киноның барлық жанрын қабылдайды. Оның ішінде толықметражды көркем және деректі фильмдер бар. Өтінім беру – тегін. Мәселен биыл бағдарламаға 350-ден астам жаңа фильм ұсынылған.