Заңгерлер сайысы өтті
Алматы облысында алғаш рет Әділет органдары күніне орай спартакиада ұйымдастырылды. Спорттық додаға өңірдегі бес заң ұйымының өкілдері қатысты. Қатысушылар футбол, волейбол және үстел теннисінен бақ сынап, жеке нәтижелерімен қатар, командалық есепте де үздік атануға таласты. Футболдан ерлер арасында бес команда өзара сынға түсті. Ойындар айналмалы жүйе бойынша өтіп, әр команда барлық қарсыласымен кездесті. Ал әйелдер волейболдан бап сынады. Үстел теннисіне шыққандар жеке есеп бойынша жарысты.
ЖАНБОЛАТ САМАШЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Жарысқа қатысушылардың басым бөлігі күнделікті қызмет барысында бір-бірімен жиі кездеседі. Ал бұл турнир әріптестердің жұмыс барысынан тыс жағдайда еркін араласып, бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік берді.»
МҰХТАР БАЙҚҰЛОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЗАҢ КЕҢЕСШІЛЕРІ БАС ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Осындай жарыстар, салауатты өмір салтын насихаттап, мамандардың арасында достық қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді. Бұл жерде адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары және біз – заң кеңесшілері бас қостық.»
Спартакиада қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды Нотариаттық палата иеленді. Екінші орынға адвокаттар алқасы жайғасса, үшінші орын жеке сот орындаушыларының командасына бұйырды.