Көркем дүние
Алматыда көне шаһар Түркістан жайлы ерекше тарихи кітаптың тұсауы кесілді. Еңбек «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» деп аталады. Жаңа туындыдағы тың деректердің авторы Саттар Мәжитов. Ал дизайнын Сүндет Маемген дайындаған. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрген кітапта Қазақстанның ежелгі рухани-мәдени астанасының тарихынан бөлек, ескерткіштер мен артефактілер ерекше сипатталған. Көне шаһар тарихымен байланысты көрнекті тұлғалар жайлы да тың ақпараттар берілген. Еңбектің басты ерекшелігі оның өзгеше дизайнында. Тарихи қаланың атмосферасын оқырманға беру үшін әр детальға мән берілген. Тіпті кітаптың Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қақпасы тәрізді арнайы ағаштан ойылып жасалған сыйлық қорабы да бар. Айта кетейік, биыл Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің мемлекет басшыларына дәл осы кітапты сыйға тартқан болатын.
САТТАР МӘЖИТОВ
ТАРИХШЫ, КІТАП АВТОРЫ
«Түркістан жайлы жазылған дүниелер өте көп, миллиондаған деуге болады. Түркістан жайлы жазатын авторлар да көп. Сондықтан біз осы күнге дейін айтылмаған, ашылмаған немесе айтылған күннің өзінде толық жарияланбаған мәліметтерге назар аудардық. Шетелде Түркістан жайлы жатқан мәліметтер өте көп. Оның өзін толық тәмамдап, жинап үлгерген жоқпыз.»
СҮНДЕТ МАЕМГЕН
КІТАПТЫҢ БАС ДИЗАЙНЕРІ
«Мұқабада кішкентай тас бар. Ол — Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін безендірген тастың кішкентай көшірмесі. Оны біз керамикадан жасап, қолмен боядық. Оқырман тек көзбен немесе құлақпен ғана емес, қолмен ұстап көріп, Түркістанның атмосферасын сезінсін дедік. Сонымен қатар сыйлық қорабын да жасадық. Ол ағаштан жасалған және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінің бейнесінде орындалған. Бұл да сол концепцияны қайталайды: есікті ашу — Түркістанға кіру деген сөз.»