Ақындар аламаны

Жамбыл ауданында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс өтті. Сөз сайысына бауырлас қырғыз елінен және елімізден барлығы 12 айтыскер ақын қатысты. Іс-шарада жыр алыбы туралы бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. 

АҚЖАН АНАПИЯ 
ТІЛШІ
«Ұлы даланың жыр дүлдүлдерін, сөз сүлейлерін бір алаңға тоғыстырған халықаралық ақындар айтысы ақындар мен батырлар елі Жамбыл ауданы  төрінде өтіп жатыр. Ұлттық өнердің ұлағатын ұлықтаған дүбірлі додада сөз салмағы мен ой ұтқырлығы сынға түседі.»

Зал лық толы. Көрерменнің көңілі айтысқа ауып, сахна төріндегі әр сөзге құлақ түрген ерекше сәт. Айтысқа белгілі ақын Жүрсін Ерман төрағалық етті. Ал сөз додасының тізгінін айтыс өнерінің майталманы Әлтай Аманжол ұстады. Айтыскерлер әр сауалға ұтымды жауап, әр тақырыпқа салмақты толғам айтты.  

МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАН 
АЙТЫСКЕР АҚЫН
«Жауапкершілікті екі есе артып тұрған секілді. Былтырғы жылғы айтыстың жеңімпазы болғаннан кейін халық та сол деңгейден көрінуді қалайды. Және өзіміз де сол елдің үдесінен, сенімінен шыққымыз келеді. Бұл айтыстың жөні бөлек. Өйткені Жыр алыбы Жамбылдың айтысы. Кез келген ақын үлкен дайындықпен келу керек. Бұл айтысқа осал ақын келмейді деп ойлаймын.»

Айтысқа Алматы облысынан “Бала Жамбыл» атанып кеткен Болат Ахметов пен Аяулым Жұмабек қатысты. Сондай-ақ Жетісу, Алматы мен Астана қаласы, Батыс пен Шығыс өңірінен  ақындар  бақ сынады.  Қырғыз ақыны Құтман Садуақасов та Жамбыл жұртын ерекше құрметтейтінін көрсетті. Ал Жамбыл облысынан келген Қанат Мырзахан сөз бен ой сайысына тыңғылықты дайындалған.

ҚАНАТ МЫРЗАХАН 
АЙТЫСКЕР АҚЫН
«Ұзынағаштың халқы да, Жамбыл мен Сүйінбайдың елі де айтысқа, өлең десе құмар халық қой. Қазірдің өзінде залда орын жоқ ешқандай. Залда халық отыратын орын жоқ. Мқның бәрі халықтың ақынға, өнерге деген құрметін көрсетеді.»

Жамбыл Жабаев қазақ пен қырғыз еліне ортақ тұлға. Қазақ халқы Жамбыл мұрасын қалай құрметтесе, бауырлас қырғыз елі үшін де Жамбыл өсиеті мәңгі мұра. Тақырып - жыр алыбының жырлары төңірегінде өрбіді. Әзіл-қалжыңы жарасқан айтыскерлер елдің мұң-мұқтажын да сөзге тиек етті.  Сөз өнерінің майталмандары ақындардың суырыпсалма өнеріне бағасын берді.

НАҒАШЫБЕК ҚАПАЛБЕКҰЛЫ 
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ 
«Айтыскерлердің барлығы дерлік жастар. Бұлар жаңағы өртше лаулап тұр. Бұл ақын деген халықтың еркесі. Халықтың сөзін сөйлейді. Мұңын мұқтайды. Жақсылығын болса көтеріп айтады, жамандығы болса бетің бар, жүзің бар демей айтатын Алланың жаратқан қасиетті адамдары.»

Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Шет елдерде де ақынның аты дәріптеліп жатыр. Ал айтыстың бас жүлде иегері автокөлікті ұтып алды. Басқа айтыскер ақшалай сыйлықпен марапатталды. 

Сондай-ақ оқыңыз: