Сырлы әуен

ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы мәдениет елшісі, Еуропаның  «Ұлт мақтанышы» медалінің лауреаты Ғалымжан Нарымбетов бастаған «Viva Maestri» ансамблі алматылықтарға көңілді кеш сыйлады. Классикалық бағытта, яғни баян мен скрипка, рояль мен контрабас аспаптарының сиқырлы үні қазақ классикалық әуендерін жаңа қырынан паш етті.  «Viva Maestri» ансамблі биыл жазда ғана тұсауы кесіліп, өнер аспанына қанат қаққан жас топ. Десе де классикалық бағытты ұстанған 4 кісілік ұжымның әр мүшесі өз саласында терең білім алған, кәнігі шеберлер. Жастардың басты көздегені қазақтың қатпарлы музыкаларын заман талабына сай, ішекті аспаптардың нәзік үнімен өңдеп, әлем назарына ұсыну. 

ҒАЛЫМЖАН НАРЫМБЕТОВ - «VIVA MAESTRI»  АНСАМБЛІ СОЛИСІ
- Біздің бағдарламамызда бүкіл әлемнің шығармалары бар. Бірақ біз көптеген қазақша шығармаларға көңіл бөлеміз. Себебі шетелге таныстырамыз. Сондықтан бізде қазақша шығармалар 70 пайызға жетеді. Мысалы, Шәмші Қалдаяқовтың әндері бар, Қазанғаптың "Ақжелең" деген күйі бар, Тәттімбеттің "Сарыжайлауын" осы ансамблге өңдеп жаңаша түрде көрсетуге тырысып жатырмыз. Яғни осы уақытқа сай келетіндей. 

Ансамблде: баянда - Ғалымжан Нарымбетов, скрипкада - Еркебұлан Сапарбаев, ал контрабаста - Бекежан Рақышов болса, рояльда Нұрсұлтан Омарғазин ойнайды. Бұл төрт аспаптың қосылған ғажап үні төрт аяғын тең басқан жорғадай қатар тайпалып, адам жанына сиқырлы әуеннің шексіз рахатын сыйлайды. 

 НҰРСҰЛТАН ОМАРҒАЗИН - «VIVA MAESTRI»  АНСАМБЛІ СОЛИСІ
- Сіз нағыз энергетиканы, симбиоз деп айтады ғой, осы төртеуміздің қарым қатынасымызды осы сахынада көре аласыздар. Нағыз тәуелсіз орындаушылық осы біздің ансамблде бар.

Жаңа топ, жаңа леп әкеледі. Әсіресе мұндай классикалық аспаптардың бір арнада тоғысуы - қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтеді. Сонымен қатар ансамбл құрамындағы дарынды жігіттердің  тынымсыз ізденісі жан сүйінтеді дейді ағабуын өкілдері.

БАҒДАТ ТІЛЕГЕНОВ - «САЗГЕН САЗЫ» ФЭА-НІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
- Ғалымжан ол жаз болсын, ол классика болсын, ол қазақтың күйлері болсын кез келген жанрдағы шығарманы бұл меңгерген. Енді жаңа қырынан көрінейін деп отыр. Жаңа ұжымға мен шығармашылық табыс тілеймін.

Кеш барысында қазақ әуендерімен қатар Иоганн Себастьян Бах, Брамс пен Биболдо сынды әлемдік классиктердің туындылары жаңаша стильде орындалды. Ал концерт қонақтары өнерпаздарға дән риза. 

АЯЖАН ЗӘКІР - КӨРЕРМЕН
- Өте керемет музыкалық кештен жақсы әсер алдым. Солистердің орындауы, артистизм бәрі керемет ұнады.  

ДИНАРА ҚҰРМЕТӘЛИЕВА - КӨРЕРМЕН
- Ерекше құрам болғанымен де қатты ұнады. Контрабас, скрипка, фортепиано, аккордеон - үйлесімі керемет. Оларға осындай жиі концерт беріп тұрғанын тілеймін.

Айта кетсек алатау етегінде екінші мәрте, яғни ұстаздар мен халықаралық музыка күніне орай ұйымдастырылып отырған шығармашылық кештің өтуіне Алматыдағы ЮНЕСКО- клубы да қол ұшын соған. Ал ансамбль алда еуропа елдеріне шығармашылық сапармен баруды көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: