5000 түйесі бар кәсіпкер кітап жазды
Жертөледе басталған еңбектің жемісі. Ұлттық кітапханада Алматы облысының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Сыдық Дәулетовтың «Нар жолы» кітабының тұсауы кесілді. 7 тарау, 400 беттен тұратын ғұмырбаяндық эсседе Орта Азиядағы ең үлкен түйе шаруашылығының төл тарихы жазылған. Еңбекте ширек ғасырда ата кәсіпті өркендетіп, қарапайым түйешіден іргелі шаруашылықтың негізін қалаушыға айналған азаматтың дара жолы баяндалады. Әрі табысты кәсіп бастаудың қыр-сыры жайлы да ақпарат көп. Жаңа кітаптың таныстырылымына ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен кітап сүйер қауым қатысты. Айта кетейік, автор Іле ауданы Ақши ауылындағы «Дәулет-Бекет» шаруашылығының негізін қалаушы. Қазір оның шаруашылығында 5000 мыңнан аса ойсылқара тұқы бар. Кәсіпкер түйе сүтін өңдеп, шұбат пен құрғақ сүт өндіреді. Ал 2025 жылы облыста ұйымдастырылған 1000 түйенің керуені Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Сыдық Дәулетовтың атын әлемге танытты.
СЫДЫҚ ДӘУЛЕТОВ
КӘСІПКЕР, КІТАП АВТОРЫ
«Бұл менің өмірбаяным болғанда бұл тек түйе туралы емес, бұл жерде ғылым туралы бар, жаңа технология туралы бар, мынау жасанды интеллект туралы да бар. Бұл мына кәсіптің оңай еместігі жайында. Мына кітаптың атын «Нар жолы» деп қойдым. Махамбет атамыздың осындай сөзі бар «Бұл іске қас үлектен туған қатепті қара нар керек»,-дейді. Сол нардың мен екенімді сезіндім. Сол нар жолы дегенге, нар дегенге ешкімнің таласы болмас деп ойлаймын.»
БАУЫРЖАН БАБАЖАНҰЛЫ
АҚЫН, КІТАП РЕДАКТОРЫ
«Адамға үміт сыйлатын, егер кәсіп бастаймын дейтін адам мына кітапты міндетті түрде оқу керек деп ойлаймын. Бұл тақыр жерден бизнес бастап тауға айналдырған адам. Жазу стильі өте қарапайым, кез-келген адам түсіне алатындай. Сосын мұнда ұзыннан шұбатылған ештеңе жоқ, екі-үш беттен тақырыпшаларға бөлініп отырады.»