Қазақстан мен ЕО Global Gateway аясындағы инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады

Брюссельде Global Gateway Investment Hub мүмкіндіктері және Еуропаның Global Gateway бастамасын жүзеге асырудың басқа тетіктеріне арналған Еуразиялық Берлин клубының 47-ші отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан мен Еуропалық Одақтың мемлекеттік органдарының, бизнес-қауымдастықтардың, сарапшылық және ғылыми қоғамдастықтың, логистика саласының, қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко Қазақстан-Еуропа қатынастарының дамуындағы оң динамикаға тоқталды. Ол сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық комиссиямен стратегиялық ынтымақтастық бағыттарын, соның ішінде Global Gateway аясындағы өзара іс-қимылды ілгерілетудегі ынтымақтастығын ерекше атап өтті.

Шығыс Еуропалық экономикалық байланыстар жөніндегі Германия комитетінің атқарушы директоры Майкл Хармс өз сөзінде логистикалық мүмкіндіктерді одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Ол көлік инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның Еуропа және Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін ашудың кілті болып табылатынын айтты.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Қазақстанның инвестициялық саясатының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол еліміздің инвестициялық дамуының басымдықтары мен инвесторлар үшін одан әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды талқылады.

Бағдарламаның орталық бөлігі «Global Gateway инвестициялық хабы - инвестициялардың драйвері және Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңі» атты панельдік пікірталас болды. Қатысушылар басым жобаларды анықтауға, ілгерілетуге және жүзеге асыруға бағытталған мақсатты еуропалық бағдарламалар аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Бірлескен өндіріс пен логистикалық тізбектерді дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Еуропалық Комиссияның Азия және Тынық мұхиты бойынша халықаралық серіктестік жөніндегі директоры Петерис Устубс Еуропалық Одақтың шағын және орта бизнесті қолдауды кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Атап айтқанда, жеке инвестицияларды тартуға жәрдемдесу және қажетті кепілдіктер ұсыну мәселелері сөз болды.

П.Устубстың айтуынша, Global Gateway құралдары қаржылық қолдауды ғана қамтымайды. Бастама жобаларға саяси қолдау көрсетуді, көлік секторындағы көмекті және басқа да бағыттарды қамтиды. Еуропалық Комиссия өкілі сонымен қатар шағын және орта бизнесті ресурстарды біріктіру үшін консорциумдарды белсендірек құруға шақырды.

Пікірталас барысында қатысушылар практикалық тәжірибелерімен бөлісті және инвестициялық, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын белгіледі. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік институттардың, халықаралық қаржы ұйымдарының және жеке сектордың келісілген іс-қимылы қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Кездесудің өзекті тақырыптарының бірі Орта дәліздегі көлік инфрақұрылымын дамыту болды. Қатысушылар оның Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық әріптестікті кеңейтудегі стратегиялық маңыздылығын атап өтті.