Ахметтің мақсаты - алтын медаль
Конаев қаласының жас спортшысы Ахмет Асхатұлы кикбоксингтен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Жас спортшыны елге оралған сәтінде жерлестері зор құрметпен қарсы алып, жеңісімен құттықтады. Әлемдік дода Италияның Лидо-ди-Езоло қаласында өтіп, оған 79 елден 5100 спортшы қатысқан. 16 жасар Ахмет Асхатұлы 54 келіге дейінгі салмақта, фулл-контакт сынына қатысты. Ол чемпионат барысында төрт кездесу өткізіп, алғашқы жекпе-жектерінде Ұлыбритания мен Молдова спортшыларын 3:0 есебімен жеңді. Финалда Қазақстан құрамасының тағы бір спортшысымен кездесті. Нәтижесінде қонаевтық спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі.
АХМЕТ АСХАТҰЛЫ
КИКБОКСИНГТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
"Жеңіске сәл ғана жетпей қалғандай сезім болды. Себебі қарсыласым да осал емес, тәжірибелі спортшы. Оның үстіне, финалда өз еліміздің спортшысымен кездестім. Осы жолы аздаған кемшіліктерімнің болғанын түсіндім. Алдағы уақытта осал тұстарымды жетілдіріп, шеберлгіміді шыңдаймын. Алдымда қандай биік мақсат тұрса да бәріне жеткім келеді."
Ахмет Асхатұлы кикбоксингпен алты жасынан айналысады. Оны әлем чемпионатына әкесі, Алматы облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Асхат Ахмеджанов дайындаған. Әкелі-балалы бапкер мен спортшы үшін бұл әлемдік додадағы алғашқы тәжірибе.
АСХАТ АХМЕДЖАНОВ
КИКБОКСИНГТЕН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
"Екі спортшымыздың финалда кездесуі біз үшін зор мәртебе. Ең бастысы екі жүлденің де ел қоржынына түскені болды. Бірі жеңіп, бірі ұтылғанымен, арамызда бәсеке немесе өкпе болмайды. Керісінше, бір-бірімізді құттықтап, қол алысып, жеңісімізге бірге қуанамыз. Жас спортшы үшін бұл чемпионат үлкен тәжірибе мектебі болды."
Әлемдік додада ел намысын абыроймен қорғаған Ахмет енді алдағы жарыстарда бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етіп отыр.