Ұлттық спорт өнегесі

Саналы ұрпақ – саламатты өмір салтын таңдайды. Ал баланың бойына спортқа деген қызығушылық пен ұлттық құндылықтарды ерте жастан сіңіру маңызды. Осы мақсатта Қарасай ауданындағы «Nomad» мектебінің базасында ұлттық спортты білім беру ісіне енгізу мәселесіне арналған ғылыми-практикалық форум өтті. Ұлттық спорт – дене шынықтыру ғана емес, бала бойына тәртіп, төзімділік, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыратын тәрбие . Форумда білім мен ғылым және спорт федерациялары арасындағы ынтымақтастық, дәстүр мен заманауи тәжірибені ұштастыру тақырыбы мәселелері талқыланды. «Nomad» мектебінде оқушылар спорттың 12 түрімен айналысады. Олардың қатарында тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қазақ күресі, дзюдо, таэквондо және құсбегілік бар. Заманауи спорт кешендері мен үйірмелер балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. 

КӨЛБАЙ НҰРМҰХАМЕДОВ
МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ 
«Оның барлығы міндетті түрде оқу процесіне, өте дамуына деңгейін көтеруге қатты әсер етеді. Сондықтан соның бәрін көріп отырмыз. Және баланың денсаулыған, оның сенімділіген , психологиясына оның барлығы болашаққа қатты әсер етеді.» 

Ұлттық спортпен тұрақты айналысу баланың мінезін шыңдап,  аналитикалық ойлауын, ерік-жігерін және ұжыммен жұмыс істеу қабілетін дамытады. Мәселен, тоғызқұмалақ логикалық ойлауға жетелесе, асық ату мен садақ тарту дәлдік пен ептілікті қалыптастырады.

ҒАЛЫМЖАН КӨПЖАНОВ
ҚАЗАҚ СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ АКАДЕМИЯСЫ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 
«Бүгінгі таңда президентіміз айтқандай Ұлттық спорт түрлері Олимпиадалық спорт түрлерімен заң жүзінде теңесті. Сондықтан біз де сол мүмкіндікті пайдаланып, әрі қарай білім, ғылым ретінде дамытуымыз қажет. Қазір енді ұлттық спорттың ең үлкен жарыстарының бірі - джүниежүзілік көшпенділер ойыны. Алда этноспорт олимпиадасы басталғалы тұр. Сондықтан біздің ұлттық спорттың балалары да Олимпиадалық спорт сияқты сол ойындарға қатысып, еліміздің абыройын паш етуі керек.» 

Форумда болашақ спортшыларды даярлаудың әдістемесі, нейробиологиялық зерттеулер және ұлттық спорттың бала дамуына ықпалы да сөз болды. Мамандардың пікірінше, мұндай бағыт «Адал азамат» тұжырымдамасындағы жауапкершілігі жоғары, тәртіпті әрі рухы мықты тұлға қалыптастыруға ықпал етеді. Ұлттық спортты мектеп бағдарламасымен сабақтастыру – дәстүрді дәріптеудің ғана емес, дені сау әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің де тиімді жолы.

Сондай-ақ оқыңыз: