Қонаев қаласында отбасылық демалысқа арналған жаңа саябақ абаттандырылды

Қонаев қаласында отбасылық демалысқа арналған жаңа саябақ абаттандырылды
Фото: Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі

Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойына орай шаһарда тағы бір демалыс орны пайдалануға берілді — заманауи саябақ тұрғындар үшін жайлы кеңістікке айналды.

Саябақ Қойшыманов пен Алматинская көшелерінің қиылысында орналасқан. Жалпы аумағы — 6527 шаршы метр.

Аумағы көгалдандырылып, сәндік ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Демалыс аймағы орындықтармен, әткеншектермен және ландшафт дизайны элементтерімен жабдықталған. Кеңістік экологиялық және эстетикалық талаптарға сай жасақталған.

Саябақтың басты ерекшелігі — «Өмір ағашы» атты арт-композиция. Тас құрылым Алтын адамның киім үлгісін бейнелейтін декоративті элементтермен безендірілген. Келушілер QR-код арқылы осы белгілердің тарихи мән-маңызымен таныса алады.

Сонымен қатар, мұнда жаяу жүргіншілер жолақтары, фотозоналар, аркалық құрылымдар мен қоршаулар орнатылған. Жаңа нысан — қала тұрғындары мен қонақтарына арналған отбасылық серуен мен мәдени демалыс орны ретінде жобаланған.