30 метрлік бәліш, спорт пен ойын-сауық: Қонаев қаласының 55 жылдығы қалай аталып өтті ?

30 метрлік бәліш, спорт пен ойын-сауық: Қонаев қаласының 55 жылдығы қалай аталып өтті ?
Фото: Қонаев әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл Қонаев қаласының құрылғанына 55 жыл толды. Жексенбі күні қала тұрғындары мен қонақтары мерейтойды көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.

Мерекелік шара Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Қала әкімі Асхат Бердіханов, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман, ақсақалдар мен тұрғындар қазақ халқының көрнекті перзентіне құрмет көрсетті.

Одан кейін шаһар басшысы қала экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпорындардың көрмесін аралады. Мұнда «АЯМ» ЖШС (жүгері таяқшалары өндірісі), «Бағашар мекен» ЖШС (қазақстандық антифриз бренді), «Юнипак Шымкент» ЖШС (банка өндірісі), Қоскұдық кірпіш зауыты, «ПФ Электросервис» ЖШС (трансформатор шығаратын) өнімдері қойылды. Сондай-ақ танымал «Del Mare» туристік кешені мен көпсалалы ойын-сауық орталығы ASP ARENA өз жобаларын таныстырды.

Мереке аясында орталық Б.Соқпақбаев атындағы саябақта балаларға арналған шеберлік сабақтары, шоу-бағдарламалар, арт-аймақ пен TikTok-локация ұйымдастырылды. Әкім тұрғындармен бірге тікелей эфирге шығып, әлеуметтік желі қолданушыларына сәлем жолдады. Арт-кеңістікте жас суретшілер Дінмұхамед Қонаевтың портретін салды.

Спорттық жарыстар ерекше қызу өтті. Қала тұрғындары асық ату, қол күрес, тоғызқұмалақ, футбол, волейбол және үстел ойындарынан сынға түсті. Мыңдаған жанкүйер спортшыларға қолдау білдірді.

Орталық алаңда этномәдени бірлестіктердің киіз үйлері тігілді. Мерекенің көркіне айналған басты сый – ұзындығы 30 метрлік алмалы бәліш болды. Ол қала халқының бірлігі мен татулығын білдіретін нышан ретінде ұсынылды.

Салтанатты рәсімде қала әкімі Асхат Бердіханов тұрғындарды құттықтады.

— Баршаңызды Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! 2022 жылғы 3 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласы Алматы облысының орталығы мәртебесін алып, Қонаев атауын иеленді. Содан бері қаламыздың келбеті айтарлықтай өзгеріп, инфрақұрылымы белсенді дамуда, — деді әкім.

Асхат Бердіханов қала жетістіктерін атап өтті:

  • халық саны 3,7%-ға өсіп, 66 200 адамға жетті;
  • үш жыл ішінде 312 млрд теңге инвестиция тартылды;
  • өнеркәсіп өндірісінің көлемі 418 млрд теңгеге жетті;
  • ауыл шаруашылығы өнімдері 135 млрд теңгеге өндірілді;
  • 177 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның ішінде әлеуметтік әлсіз топтарға 235 пәтер табысталды.

Әкімнің айтуынша, қаланың негізгі даму құжаты – 2027 жылға дейінгі Қонаевтың әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспары. Құжатта 187 жоба қарастырылған: электрмен жабдықтау, газдандыру, жылумен қамту, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі мен көлік инфрақұрылымын дамыту.

— Бүгінгі мерейтой – облыс орталығының серпінді дамуының айқын көрінісі. Қаламыз гүлденіп, мемлекетіміз бірлігін нығайтып, әлемдік аренада лайықты орынға ие болсын, — деді Асхат Бердіханов.

Мереке барысында қала тұрғындары мен еңбек ұжымдары марапатталды.

Белгілі баспагер Вагиф Гаджиев қалалық кітапханаға Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолына арналған құнды еңбекті сыйға тартты. 2,5 жыл бойы жинақталған естеліктер мен материалдар негізінде шыққан, салмағы 8 келі болатын бұл кітап шектеулі таралыммен – небәрі 500 дана басып шығарылған.

Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен жалғасты. Қонаев тарихынан сыр шерткен қойылым, концерттік нөмірлер мен түрлі шоу көрермендерді тәнті етті. Көкке көтерілген әуе шары мерекеге ерекше сән берді.

— Осындай ауқымды мерекелік шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бүгінгі қуанышымыз еселеніп, қаламыз одан әрі көркейе берсін! — деді қала тұрғыны Меруерт Сағитова.

Кешкісін орталық алаңда Мирас Жүгінісов пен қазақстандық танымал музыкалық ұжымдардың қатысуымен гала-концерт өтті. Мереке байқаулар, сыйлықтар ұтысы және мерекелік отшашумен қорытындыланды.