Алматы облысында «Құмай тазы – Асыл мұра–2025» республикалық турнирі өтті

Алматы облысында «Құмай тазы – Асыл мұра–2025» республикалық турнирі өтті

Іле ауданының Қараой ауылында текті тұқымды иттер арасындағы «Құмай тазы – Асыл мұра–2025» республикалық турнирі өтті. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 135 ит өсіруші мен бапкер қатысып, өз итілерінің ептілігін, жылдамдығын және аңшылық қабілетін көрсетті.

Шараның негізгі мақсаты – қазақтың ежелден серігі болған тазы ит тұқымын сақтау және насихаттау. Тазы — ғасырлар бойы көшпенділердің сенімді серігі әрі ұлттық мұраның айрықша нышаны саналады.

Облыстық «Асыл мұра» федерациясының президенті Ернар Мұптекеевтің айтуынша, мұндай жарыстар тек спорттық мақсатта емес, сонымен қатар тұқымның тазалығын сақтап, баптау әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

— Бұл жарыс қазақы тазы тұқымдары арасындағы курсинг маусымының жабылуы іспетті өтті. Курсинг — аң ізіне түсу мен қуып жетуді бейнелейтін дала сынағы. Мұнда иттер механикалық қоянды қуып жету арқылы өз жұмыс қабілеттерін көрсетеді. Бұл – кинология спортындағы мойындалған бағыттардың бірі. Біздің облыста тазы өсірумен негізінен Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандары айналысады. Биыл демеушілердің қолдауымен бірнеше деңгейдегі жарыстар өткізілді. Ал осы турнирдің ерекшелігі – қатысушылардың кең географиясы. Бұл қазақы тазыға деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын көрсетеді, – деді Ернар Мұптекеев.

Республикалық турнир екі кезеңнен тұрды: алғашқысы – іріктеу, екіншісі – финалдық сайыс. Әрбір қатысушы өз итімен «жылдамдық», «шыдамдылық» және «аңшылық қасиет» номинациялары бойынша бақ сынады.

Сайыс барысын тәжірибелі кинологтар мен ұлттық федерация өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Олар әрбір тазыны тұқым стандарты, физикалық дайындығы және мінез-құлқы бойынша саралады.

Нәтижесінде Алматылық Айдын Құдайбергенов өзінің «Сылды» атты тазысы арқылы жеңімпаз атанды.

— Көңіл-күйіміз тамаша. Мұндай жарыстарға төртінші рет қатысып отырмыз. Бәсеке өте жоғары болды. Басқа өңірлерден келген қатысушылармен тәжірибе алмасып, ит баптау әдістерімізді салыстыруға мүмкіндік туды. Тазы – қазақ халқының тірі тарихы, ол жай ғана ит емес, нағыз дос әрі көмекші. Бұл жеңіс — ұзақ еңбектің жемісі, – деді Айдын Құдайбергенов.

Үздік үштіктің қатарына Жаркент қаласы (Жетісу облысы) мен Қарағанды облысынан келген қатысушылар енді.