Астанада алғашқы инклюзивті футболдан республикалық турнир өтеді

Астанада алғашқы инклюзивті футболдан республикалық турнир өтеді

12 қазан күні Астанадағы «Астана Арена» стадионында «UNI Football League» жобасының аясында инклюзивті футболдан алғашқы республикалық турнир өтеді.

Жарысқа аутизм, Даун синдромы, ДЦП және басқа да ерекшеліктері бар 90-ға жуық бала мен жасөспірім, сондай-ақ олардың ата-аналары мен жаттықтырушылары қатысады. Қатысушылар еліміздің он қаласынан — Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды және өзге өңірлерден жиналады.

«UNI Football League» жобасы 2023 жылдан бері «Bolashak Charity» қоғамдық қорының бастамасымен, Қазақстан футбол федерациясы мен «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының серіктестігі арқылы жүзеге асып келеді. Жобаға Астана қаласы әкімдігі мен Испания Корольдігі елшілігі де қолдау көрсетуде.

Бастаманың басты мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар балаларға спортқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және олардың әлеуметке бейімделуіне мүмкіндік беру. Бүгінде жобаға еліміздің 10 қаласынан 120-дан астам бала қатысып, инклюзия саласында тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен жаттығады.

Турнир 5+1 форматында өтеді, әр ойынның ұзақтығы — 15 минут. Ерекше балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, жеңімпаз анықталмайды — барлық қатысушылар медаль және естелік сыйлықтарға ие болады.

Шараға 500-ге жуық адам, оның ішінде балалар, ата-аналар, жаттықтырушылар, серіктестер мен БАҚ өкілдері қатыспақ.

Бұл турнир — елімізде инклюзивті қоғам құндылықтарын дәріптеп, спорт арқылы тең мүмкіндіктер идеясын насихаттайтын маңызды мәдени-әлеуметтік оқиға болмақ.