Пияз көп, табыс аз

Шеңгелді алабының диқандары өткен жылғы мол өнімді өткізе алмай, қиын жағдайға тап болды. Қоймадағы тауар бұзылып кетпеуі үшін шаруалар пияздың әр келісін 30 теңгеден саудалауға мәжбүр. Егер өнім бір ай ішінде сатылмаса, түгелдей шіріп кету қаупі бар.

Шеңгелді алабының шаруалары былтыр 257 гектардан 16 мың тонна өнім жинады. Бүгінде соның 4 мың тоннасы қоймада өтпей тұр. Мәселен, диқан Марат Төлеубеков 8 гектардан алған өнімнің жартысын күзде сатып үлгергенімен, қалған 300 тоннасын сақтап қойған. Күзде келісі 60 теңге болған пияздың бағасы қазір екі есе арзандаса да, алушы табылмай тұр. Қоймадағы өнім қазірдің өзінде өне бастаған, сондықтан шаруалар шіріп кетуі мүмкін деп қауіптенеді. 

 МАРАТ ТӨЛЕУБЕКОВ
ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Өткізу өте қиын. Бұрынғыдай жаңағы Ресейден келетін алушылар жоқ болып жатыр. Местный рынокта пияз өте көп болғаннан кейін алушы көп емес. Бұрын камазбен, вагонмен жіберетін едік, қазіргі таңда газельдер алады. Биылғы таңда пияздан білмеймін уже, бас тартатын сияқтымыз. Өйткені соңғы 4 жылда бұл пияздан тек қана убыток болып жатыр»

Шығынға батқан Шеңгелді диқандары биылдан бастап бағыттарын өзгертіп, мал азықтық дақылдар мен бау-бақша өнімдерін егуді жоспарлап отыр. Өйткені шіріген өнімді қоймадан шығарып тастау үшін де қосымша адам күші қажет.

АСҚАР ИБРАИМОВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Сондықтан шаруа қожалықтары қазіргі таңда енді шетелдерден келетін сатып алушыларды күтіп отыр. В принципе сортталған пиязды 30 теңгеден сатуға дайын шаруа қожалықтары. 3970 тоннаның қазір сұрыптаудан кейін шамамен 2500-2600 тоннасын сатуға мүмкіндік бар»

Қазіргі таңда жергілікті билік шаруаларға Алматы қаласының маңындағы базарлардан тегін сауда орындарын тауып берді. Кейбір диқандар өнімді өз көліктерімен тасып, бөлшектеп сатуға көшкен. Шаруалар пияз шіріп кеткен жағдайда қоймаларды тазартуға көмек көрсетуін сұрап, Қонаев қалалық әкімдігіне жүгінді. Жауапты бөлім өкілдері көмек көрсетілетініне уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыз: