Райымбек ауданының Сүмбе ауылында «Адал еңбек – ел ырысы» атты кәсіпкерлер көрмесі ұйымдастырылды
Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында Сүмбе ауылында «Адал еңбек – ел ырысы» атты кәсіпкерлер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ауданның экономикалық әлеуеті көрсетілді. Жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық тауарлар ұсынды. Шара қатысушылары өзара тәжірибе алмасып, кәсіп жүргізудегі тиімді тәсілдермен бөлісті. Бүгінде Райымбек ауданында 3 400-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Сонымен қатар, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 55 азамат қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бұл бастама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашуда. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, мерекелік көңіл күймен жалғасын тапты.
ТІЛЕК ЮСУПОВ
РАЙЫМБЕК АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
“Бүгін міне халық жиналып, керемет мереке болып жатыр. Мәдени шаралар, кәсіпкерлердің өздерінің өсірген өнімдерін көрсетіп, ауылымыздың гүлденуін көрсетіп жатыр.
«Біз кәсіпкерлер қолымыздан келгенше осы ауылымызға деген өз үлесімізді қосамыз, қосудамыз, әліде болсын қосамыз. Барлықтарыңызға амандық, 90 жылдық құтты болсын»
МЕДЕТ СЕРІКҰЛЫ
РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ Б. МҰҚАЙ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл шараның біздің ауданымыздың тұрғындарына берері көп шара деп ойлаймыз. Енді науқанның басталған, мына жер ананың көгеріп, көктеп, ел болып, жұрт болып жұмылып, еңбекке кірісіп жатқан шағымызда бір жақсы бір серпіліс болсын деген ниетте ұйымдастырылған. Бір шеті ауданымыздың 90 жылдығына орайластырылып келтірілген шара. Ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде қайтарымсыз гранттар алып, өздерінің күшімен еңбек етіп жатқан, түрлі кәсіптер ашып жатқан азаматтар бар, елге пайдасы тиетіндей»