Қытаймен серіктестік артады
Қонаевта Қытай халық республикасының Алматыдағы бас консулы Су Фанцю мен облыс әкімі кездесті. Тараптар аграрлық сектордағы ынтымақтастық, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және туризм әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда қытайлық компаниялар өңірде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында индустриялық және логистикалық хабтар салу, сондай-ақ энергетикалық нысандарды іске қосу жұмысы бар. Сонымен бірге, Қытайдың ірі құрылыс және инженерлік компанияларының қатысуымен бірлескен жобалар қолға алынған. Сондай-ақ, қытайлық компаниялармен ондаған меморандумға қол қойылып, ортақ жобалар портфелі 1 триллион теңгеден асады деп бағалануда. Бұл жобалар көлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс және IT салаларын қамтиды. Бас консул Су Фанцю серіктестікті одан әрі дамытуға және екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
СУ ФАНЦЮ
ҚХР АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ
«Алматы облысы мен Қытай провинциялары арасындағы ынтымақтастық байланыс нығайып келеді. Бұл екі ел үшін де тиімді серіктестік деп есептеймін. Біздің Бас консулдық сіздердің облыстарыңызбен гуманитарлық және іскерлік байланыстарды әрдайым қолдайды»