Марат Сұлтанғазиев: «Алматы облысының экономикасы жаңа деңгейге көтерілді»

«Әкімге сұрақ» бағдарламасының арнайы шығарылымында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, логистика және туризм бағытындағы жоспарлар туралы кеңінен айтты.

Бағдарлама барысында тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелер көтеріліп, облыстың қазіргі ахуалы мен алдағы даму бағыттары талқыланды. Сұхбаттың негізгі бөлігі өңір экономикасындағы өзгерістерге арналды.

Облыс әкімінің айтуынша, 2022 жылы Алматы облысы қайта құрылып, дербес өңір ретінде жұмысын бастағаннан бері негізгі экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай өскен. Егер облыс құрылған кездегі ішкі өңірлік өнім көлемі 3,5 трлн теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,7 трлн теңгеге жеткен. Ал салық түсімдері 320 млрд теңгеден 618 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Марат Сұлтанғазиев бұл өсім жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, облыстың тиімді географиялық орналасуы логистика, өндіріс және сауда салаларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Сұхбат барысында өңір экономикасының құрылымы өзгеріп келе жатқаны да айтылды. Бұрын негізгі басымдық ауыл шаруашылығына берілсе, бүгінде логистика, қойма ісі, өнім өңдеу, өндіріс және қызмет көрсету салалары қарқынды дамып келеді.

Әкім агросектор үлесінің салыстырмалы түрде төмендеуі ауыл шаруашылығының әлсірегенін білдірмейтінін атап өтті. Керісінше, бұл басқа салалардың дамуы есебінен экономиканың әртараптанып келе жатқанын көрсетеді.

Қазір облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және экспорттау бағыттарына ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе логистика мен қойма саласының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп отыр.

Сонымен қатар бағдарламада агротуризм мен экотуризмді дамыту мәселесі де көтерілді. Облыс әкімінің пікірінше, табиғи әлеуеті жоғары өңір үшін бұл бағыттардың болашағы зор.

Сондай-ақ оқыңыз: