Әріптестік әрекеті

Бүгін облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев Қытайлық ауылшарушылық делегация өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Басты тақырып агроөнеркәсіптік кешен мен логистика саласын жаңа деңгейге көтеру болды. Бүгінде Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1 миллиард долларға жеткен. Басқосуда қытайлық тарап өңірдің майлы дақылдар мен мал азығын экспорттау әлеуетін жоғары бағалап, өздерінде сәтті жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығының цифрлық платформасын таныстырды. Шетелдік инвесторлар қазақстандық компанияларды осы жүйеге қосылуға шақырды. Тіпті, пилоттық жоба аясында елімізден 200 тонна өнім, аталған платформа арқылы сәтті сатылған. Осы орайда олар отандық кәсіпкерлерді Үрімжі мен Шарджада өтетін халықаралық көрмелерге қатысуға үндеді. Сонымен қатар, инвесторлар Алматы облысында соя өндірісін ұлғайтуға, өнімділігі жоғары тұқымдарды селекциялауға және заманауи су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге ерекше қызығушылық танытып отыр. Өз кезегінде өңір басшылығы бұл бастамаларды қолдайтынын және аймақта соя алқаптарын 80 мың гектарға дейін ұлғайту жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Индустриялық аймақтарда бірлескен зауыттар салуға, шикізатты осы жерде терең өңдеп, дайын тауарды сыртқы нарыққа шығаруға облыстың мүмкіндігі толық жететінін жеткізді. Сондай-ақ облыс басшысы қытайлық нарыққа тек дәнді дақылдар ғана емес, өңірде өндірілетін тауық еті, көкөніс пен жеміс-жидек жеткізу бойынша да ауқымды  жұмыстарды ұсынды. Қос тарап алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе жалғастыратын болады.

СНХ. ЛЮ ХУАНЬСИНЬ 
ҚХР АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕЗЕРВТЕР ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БАСШЫСЫ 
Алматы облысы ауыл шаруашылығы үшін ерекше қолайлы аймақ. Біз тек шикізат сатып алуға емес, ең озық технологияларымызды ала келіп, өнімді осы жерде бірлесе терең өңдеуге және дайын тауарды үлкен нарыққа бірге шығаруға мүдделіміз. Логистикалық тұрғыдан өте тиімді орналасқан бұл өңірде жергілікті фермерлермен бірлесіп жұмыс істейтін нақты жүйелі құрылым қалыптастырып, су үнемдеу және селекция саласында ауқымды жобаларды қолға алғымыз келеді.

Сондай-ақ оқыңыз: