Мемлекет басшысы Талғар ауданына келді
Мемлекет басшысының облыстағы сапары Талғар ауданында жалғасты. Алатау етегінде ағзаға аса пайдалы табиғи өнім өндіріп, отандық нарыққа олжа салып отырған «GREEN ЕСО» заманауи жылыжай кешеніне де аялдап, іргелі кәсіпорын жұмысымен танысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таза әрі ағзаға пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін «GREEN ЕСО» заманауи жылыжай кешенін аралап көрді. 160 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған бұл кәсіпорын заманауи технологияларды қолдануда орта Азия бойынша көш басында. Экологиялық таза өндіріске ден қойған. Бүгінде еліміздің он қаласына өнім жеткізіп отыр.
РОМАН ШНАЙДЕРМАН «GREEN ЕСО» ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Мұнда 1,3 гектар аумаққа жылыжай кешені орналасқан. Салыстырмалы түрде бұл шағын жылыжайға жатады. Анау айтқандай 5-10 гектар емес. Дегенмен, біз 30-дан аса орамжапырақ түрлерін өсіреміз. Әуелі тұқымдарын осындай құмыраға салып баптаймыз. Ол өсіп, тауарлық деңгейге жеткенше күтіп, қараймыз. Біздің көкөністер тұтынушыға тірі жетеді. Кейбір тұтынушыларымыз оны терезелеріне отырғызып қояды.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы сан алуан сәндік ағаштар мен түрлі гүл көшеттерін өсіретін еліміздегі ең ірі кешен – Лукоморье бау-бақша орталығына ат басын бұрды. Тұқымбағына да аялдап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кешен толықтай автоматты жұмыс режиміне көшкен. Нәтижесінде жылына 1,5 миллион дана көшет түрлерін шығарып отыр.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біріншісі «GREEN ЕСО» компаниясы мен «Лукоморье» компаниясы. Ағаш көшеттерін өсіреді. Жылыжайлары да бар. Біздің қабылданған конституцияда осы таза Қазақстан акциясының аясында бұл жұмыстардың өте бір символдық мәні бар. Елден бөлек біршама шетелге де экспортқа да жөнелтіп отыр.
Жауаптылар президентке осы кешенде қолға алынған «Turanga» өсімдіктер тәлімбағы жобасын таныстырды. Мұнда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп басқа да көшет түрлерін өсіру жоспарланған.