САУДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КҮШЕЙЕДІ
Аймақ басшысы бүгін Қытайдың Цзянсу провинциясының бірінші хатшысымен кездесті. Қос тарап сауда-экономикалық ықпалдастық, «жасыл» энергетика әлеуетін іске асыру және өзара тиімді өзге де бағыттарды пысықтады. Жиын соңында Алматы облысы мен қытайлық тарап өзара достық қарым-қатынас орнату жөніндегі маңызды меморандумды бекітті. Толығырақ келесі сюжетте
Бүгінгі кездесу аймақ тарихындағы деңгейі ең жоғары ресми сапарлардың бірі. Екі жақты келіссөздердің арқасында бүгінде Алматы облысының Қытаймен тауар айналымы өткен жылы 1 миллиард 257 миллион долларға жеткен. Қазір өңірде қытай капиталының қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгін сол қарым-қатынастардың нәтижесінде меморандумға қол қойдық. Екі жақты бір-бірімізге қолдау, түсіністік болу үшін. Бұл меморандум әрине ары қарай побратимостьқа жеткізетін шығармыз. Жақсы, нәтижелі кездесу өткіздік. Өйткені бұл провинцияның экономикасы ҚХР-да екінші деңгейде. Екінші экономикасы, егер жалпы өңірлік өнімі 2 трлн долларға жуық. Өте үлкен экономика. Сол себептен біз үшін әрине серіктес болған өте жақсы.
Экономикалық байланыстан бөлек, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық та қарқынды. Қазіргі таңда қытайлық тарап өңір жастарына арнайы білім гранттарын бөлуде. Соның ішінде Цзянсу провинциясы да Алматы облысының студенттеріне стипендиялық бағдарлама ұсынып отыр. Екі ел арасындағы визасыз режимде туризмнді алға тартуда. Мәселен, өткен жылы облысқа 147 мыңнан астам шетелдік турист келсе, оның басым бөлігі Қытай азаматтары. Осы нарықты игеру үшін биыл Шанхай қаласында Алматы облысы әкімдігінің ресми туристік өкілдігі ашылды.
СИНЬ ЧАНСИН
ЦЗЯНСУ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ БІРІНШІ ХАТШЫСЫ:
Біз сенімді дос әрі серіктеспіз. Провинциямыздың Қазақстанмен тауар айналымы 3 миллиард долларға жетті. Бізде агросектор өте қуатты, жыл сайын 8 миллион тоннадан астам астық жинаймыз. Сондай-ақ гуманитарлық және туристік байланысты да арттырғымыз келеді. Қазір Цзянсуда 20 мыңға жуық қазақстандық бар. Сондай ақ сіздерде күн мен жел энергиясын өндіруге ауа райы өте қолайлы. Ал біз осы "жасыл" технологияларды шығарудан әлемде көшбасшылардың біріміз. Сондықтан бұл сектордағы серіктестікті тереңдетсек дейміз.
Ресми басқосудан соң облыс басшысы мәртебелі меймандарды аймақтың даму бағыттарымен және арнайы ұйымдастырылған көрмемен таныстырды. Шағын экспозиция аясында шетелдік қонақтарға өңір аумағынан табылған бірегей құнды жәдігерлер, соның ішінде әлемге әйгілі «Алтын адам» көрсетілді. Айта кетейік, бұл мәдени алмасу мұнымен шектелмейді. Осы байланыстың заңды жалғасы ретінде ағымдағы жылдың 12 маусымы күні Қонаев қаласының орталық паркінде Цзянсу провинциясы өкілдерінің қатысуымен ауқымды мәдени іс-шара өтеді деп жоспарланған. Тараптар алдағы уақытта өнеркәсіп, логистика және су үнемдеу технологиялары бағытында тағы бірнеше құжатқа қол қоймақ.