Ірі инвестициялық жобалар іске асады

Алматы облысында ірі өндіріс орындары көбейіп, аймақ экономикасы қарқынды дамып келеді. Бүгін Қонаев қаласына жұмыс сапарымен еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров келді. Өңірлік инвестициялық штаб отырысында аймақтың даму жоспары талқыланып, кәсіпкерлерді мазалаған түйткілді мәселелер айтылды. Одан кейін делегация өңірдегі бірқатар ірі зауыттарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Толығырақ әріптесім Жадыра Қуанышбек тарқатады.


Өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және оларға мемлекеттік қолдау көрсету- бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда облыс әкімдігінде өткен жиында аймақтың негізгі экономикалық көрсеткіштері мен инвесторларға жасалатын жағдай сарапталды. 


МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Бүгінгі таңда өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,3 триллион теңгеге жетті. Ағымдағы жылдың басынан бері жалпы құны 121,7 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін тағы 77 жобаны іске асыру жоспарда бар»

Министрдің орынбасары бастаған топ Алатау қаласындағы «Пепсико» зауытының құрылысымен танысты.  Жалпы құны 160 миллиард теңгені болатын бұл жоба Орталық Азия нарығын өніммен қамтамасыз етуді көздейді.Мұнда картоп өнімдері шығарылады. Зауыт толық іске қосылғанда 900-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, жылына 70 мың тонна өнім өндіріледі. Қазіргі уақытта кәсіпорында алғашқы өндірістік желі құрылғылары тексеріліп, іске қосылуда.

ДМИТРИЙ СТАРЧЕВСКИЙ
ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл - ірі инвестициялық жоба. Бүгінгі таңда біз алғашқы өндірістік желіні іске қостық. 2029 жылға дейін тағы екі өндірістік желі орнатуды және дайын өнім көлемін 70 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал биыл 12 мың тоннаға жуық өнім шығарып, келесі жылы тағы бір желіні іске қосу көзделген»

Сапар Іле ауданындағы «Алматы вентилятор зауытында» жалғасты. Өндіріс орны мұнай-газ саласына арналған заманауи техникалар шығарады. Қуаты -жылына 100 мың дана өнім. Сапар барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары инвесторларға қашан да жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Облыс әкімінің басшылығымен енді бірнеше мәселелер қаралды. Проблемалық мәселелер ол негізі инфрақұрылыммен және шетелден келетін мамандар бойынша квота мәселелері көтерілді».  Үкімет жағынан, Сыртқы істер министрлігінің жағынан, Kazakh Invest ұлттық компаниядан және облыстық әкімдік жағынан толығымен қолдау көрсетеміз осы жобаларға, сүйемелдеу жұмыстары жасалып жатыр»

Облыстағы бұл ауқымды жобалар өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға септігін тигізбек. 

Сондай-ақ оқыңыз: