Алматыда Райымбек ауданының ауылшаруашылық өнімдерін сатуға арналған сауда орны ашылды
Алматыда Райымбек ауданының ауылшаруашылық өнімдерін сатуға арналған сауда орны ашылды. Табиғи өнім құны нарықтан 20-30 пайызға төмен. Мұнда тұтынушылар таза әрі табиғи өнімді ешқандай делдалсыз тиімді бағада сатып алады.
Жәрмеңкенің алғашқы күні-ақ сауда қыза түсті. Аудан кәсіпкерлері 3,5 тонна ет, 1 тоннадан астам сүт өнімін, одан бөлек табиғи бал, ысталған балық, жұмыртқа мен көкөніс сынды тауарларын саудалады. Қақпақ ауылынан келген Ұлжан Ауғанбайқызы сүт тағамдарын дайындайды.Үлкен сауда алаңына шыққанына дән риза.
ҰЛЖАН СҰЛТАНОВА
ЖЕКЕ ШАРУА
«Халық та риза, біз де ризамыз. Себебі ауыл өнімдерін қайда апарып сатарын білмейді. Көбіне алып сатарлардың қолын береді. Сына халық үшін өте тиімді дүние. Міне ауылшаруашылығы өнімінен жеті түрлі өнім алып келдік. Бүгіндікке міне барлығы өтіп жатыр.»
Сауда орталығы Рысқұлов даңғылы мен Шемякин көшесі қиылысында орналасқан. Ашылу салтанатына өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, шаруалардың жұмысымен танысты. Алматылықтар өздеріне қажетті өнімнің бір жерден табылып, сапасы мен бағасының көңілге қонатынын жеткізді.
Райымбек ауданы – ауылшаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Ауданда 3 мыңнанан астам кәсіпкер мен жеке шаруа тіркелген. Олар негізінен мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады.
ДАСТАН ҚҰДАБАЕВ
РАЙЫМБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«1200 кәсіпкер бізде өсімдік шаруашылығы бойынша, 1100 кәсіпкер осы ет бағытында жұмыс жасап жатыр. Бір жылда біз он алты мың тонна ет, он сегіз мың тонна сүт және 500 мың данаға жуық жұмыртқа өсіреміз. Одан бөлек бізде өсімдік шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлер қазір 37 кәсіпкер қазір үлкен деңгейде жұмыс жасап жатыр. Олар картоп дақылын өсірумен айналысып жатыр. Картоп дақылы аудан бойынша 2445 гектар жерде бар. Бір жылда 55 мың тонна картоп өндіреміз.»
Шарулар еңбегі орсан. Оған табандылық пен төзім қажет. Көктем мен жаз бойы төккен тердің ақталғаны жақсы. Жәрмеңке жыл он екі ай жұмыс істейді. Сол себептен бұл жерде жабық сауда павильонын салу жоспарланып отыр.