Ұлттық құндылық- тәрбие өзегі

Іле ауданы, Асқар Тоқпанов ауылындағы №42 орта мектепте «Адал азамат -ұлттық құндылықтар негізі» атты облыстық семинар өтті. Алматы облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған  шараның  мақсаты - өскелең ұрпақты адалдық пен адамгершілікке тәрбиелеу.

Семинар барысында Іле ауданының озық іс-тәжірибесі облыс көлеміндегі педагогтерге таныстырылды. Жиынға қатысқан мамандар білім мен тәрбиені ұштастырудың жаңа әдіс-тәсілдерімен бөлісті. 

ИСАТАЙ САТАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ ӘДІСКЕРІ
«Бұл жерде негізінен Іле ауданының іс тәжірибесі таратылды облыс көлемінде. Спикерлер осы облыс көлемінде Іле ауданының жұмысы жалпы ұлттық құндылықтарға байланысты, құндылықтың негізінде оқушыларды тәрбиелеу бағытында жұмыстар таныстырылды. Кері байланыс алу нәтижесінде, педагогтер, қатысушылар керемет жақсы пікірлерін қалдырып жатыр. Яғни,осы педагогикалық шеберхананың барысында әртүрлі әдіс тәсілдер арқылы баланы тұлға есебінде тәрбиелеу мақсаты қойылған болатын. Сол мақсатқа жеттік деп ойлаймыз»

Семинар қонақтары білім ордасындағы «құндылыққа бағдар: ізденістен өзгеріске» жобасы аясында ашылған арнайы кабинеттердің жұмысымен танысты. Мұнда ұлт мақтаныштары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Орымбек Жәутіков және Серік Қирабаев сынды ғұламалардың атындағы оқу бөлмелері бар. Әр кабинет оқушылардың бойына патриоттық сезім ұялатып, тұлғалардың сара жолын насихаттауды көздейді. Сонымен қатар, мектеп ішінен құрылған Асқар Тоқпанов атындағы театр ұжымы М.Мақатаевтың «Соғыстың соңғы көктемі» атты әсерлі қойылымын сахналап, жиналғандарды тәнті етті. 

ҒАЛИЯ САҒЫМБЕКОВА
№42 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
Ауылымыз А. Тоқпанов болғаннан кейін, А.Тоқпанов атындағы мектеп театры бар. Яғни осы мектеп театры тәрбие бағытында да жоғары жетістіктіктерге ие болып жатыр. Аудандық, облыстық, енді алдағы уақытта республикалық деңгейде өздерінің қойылымдарын қоюға сұраныс түсуде. Егер мәдениетті қалыптастырам десең театр болу керек деп санаймын. Өйткені ол мәдениетті үйретеді. Ары қарай осы біздің жасап жатқан негізгі мақсатымыз-өзіміздің ұлтымыздың кодын сақтай отырып, салт- дәстүрімізді, балаларды болашақ әлемге дайындау.

Айтулы шара Наурыз мейрамының онкүндігі аясындағы «Жаңарту күнімен» тұспа-тұс келді. Осы орайда мектеп оқушылары мен ата-аналар «Жасыл мәдениет» жобасы аясында білім ордасының ауласына жас көшеттер мен арша ағаштарын отырғызды. Бұл игі бастама қоршаған ортаға қамқорлық танытумен қатар, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз: