Әлем қызыққан роботтар

Алматы облысының тұрғыны ескі техника мен тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, олардан алып роботтар жасайды. Шебердің коллекциясында қазір 60 тан астам мүсін бар. Миллиондап бағаланатын бұл туындыларға шетелдіктер де қызығушылық танытуда. Әлем көз тіккен ерекше мүсіндер туралы толығырақ тілшіміз тарқатсын.

Ресайкл-арт —ескі заттардан, тұрмыстық қалдықтар мен пайдаланылған материалдардан жаңа  туындылар жасау бағыты. Дәл осы заманауи мүсін өнерімен айналысатындардың бірі Қуаныш Мұхамеджанов. Темірден түйін түйген мүсіншінің кәсібі әуесқойлықтан  басталған. Он жыл бұрын қолда барымен алғашқы роботын жасап шыққан шебердің коллекциясы үлкен көрмеге айналған.

ҚУАНЫШ МҰХАМЕДЖАНОВ
ЗАМАНАУИ МҮСІНШІ:
«Алғашқы мүсінімді үйден тапқан заттардан жасадым — ескі металл сынықтары, раковиналар мен шәйнектерден. Осылайша менің коллекциям басталды. Қазір 60-тан астам туындым бар. Барлық жұмыстарды өзім, ешқандай көмекшісіз жасаймын.»

Мүсіншінің жұмысы — тек өнер емес, экологияға қосқан үлкен үлес. Ол көпшілік қажетсінбейтін, қоқыстарда жылдар бойы жатып шіріп жоғалмайтын техника қалдықтарын жинап, оларды ерекше арт-нысандарға айналдырады. Қоғамда өнертапқыш туындыларына деген қызығушылық та, сұраныс та бар. Тіпті құл темірлер құны 20 миллион теңге дейін бағаланады. 

ҚУАНЫШ МҰХАМЕДЖАНОВ
ЗАМАНАУИ МҮСІНШІ
Негізгі табысымды мүсіндерді сату мен жалға беруден табамын. Оларға ірі компаниялар тапсырыс береді, сондай-ақ сауда орталықтарында көрмелер өткізуге шақырады. Сонымен қатар, мен ресайкл-арт музей-галереясын аштым. Көпшілік жұмыстарымды қайдан көруге болатынын жиі сұрайтын, сондықтан роботтар музейін ашуды шештім. Әзірге үлкен табыс әкелмейді, бірақ келушілерге ұнайды.

Көздің жауын алатын түрлі ертегі мен кино кейіпкерлері кейіпіндегі роботтарды қажетсіз қоқыстан жасап шықты дегенге сену қиын. Өнер тапқыштың ең ірі жобаларының бірі — ұшақ бөлшектері мен кір жуғыш машинаның тетіктерінен құрастырылған ғарыш кеме-мүсіні. Оның ұзындығы 11 метр, ал биіктігі 4,5 метр. Бүгінде қазақстандық шебердің еңбегіне әлем елдері қызығушылық танытып отыр. Түрлі ұсыныстар Түркия, АҚШ елдерінен түсуде.

Сондай-ақ оқыңыз: