Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект институтын және инновациялық жобаларды бірлесіп іске қосады
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Алматы қаласында Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясынан ресми делегацияны қабылдады. Бұл кездесу ғылым, білім және технология салаларындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету жолындағы маңызды қадам болды.
Кездесу нәтижесінде Қытайдың Чжэцзян технологиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бірлесіп Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект халықаралық институтын құру туралы меморандумға қол қойды. Жаңа институт Академия базасында жұмыс істейді және ғылыми-зерттеу, инновациялық әзірлемелерді енгізу мен білікті мамандар даярлау алаңына айналады.
Сонымен қатар, Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект зертханасының іске қосылатыны жарияланды. Зертхана геоақпараттық жүйелер, агротехнологиялар және логистика салаларында қолданбалы зерттеулер жүргізетін болады. Жұмыс 2025 жылдың IV тоқсанында басталуы жоспарлануда.
Тараптар келесі бағыттарда ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты:
- цифрлық экономика және жасанды интеллект саласындағы бірлескен стартаптар мен акселераторлар;
- жоғары технологияларды трансферлеу;
- инновациялық инфрақұрылым, технопарктер құру;
- ауыл шаруашылығы және климаттық технологиялар.
Кездесу 2025 жылғы маусымда Астанада өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінің шешімдерін жүзеге асыру аясында өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:
«2026 жыл – Қытай мен Орталық Азия арасындағы ғылыми интеграцияның бетбұрыс кезеңі болуы тиіс», – деп атап өтті.
Іс-шараға Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдерінің орынбасарлары, Чжэцзян делегациясы, университеттер мен технологиялық компаниялар басшылары, қазақстандық академиктер, жоғары оқу орындарының ректорлары және сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Бұл сапар тәжірибе алмасудан бөлек, қазақстандық-қытайлық нақты жобалардың жаңа кезеңін бастауға жол ашты.