Жүйкені жұқартқан су жүйесі

Іле ауданы, Боралдай кентінің ықшамаудан тұрғындары ескірген су құбырының кесірінен тағы сусыз қалдық деп наразылық білдірді. Құбырдың бүлінуінен 4 күн бойы сусыз қалған жұрт тіршілік нәрін енді сатып алуға мәжбүр. Жүйкесі тозған тұрғындар тұрақты төлем жасап келген «Отыншиев» жекеменшік компаниясынан бас тартып, Іле су коммуналдық шаруашылығына қосылғымыз келеді дейді. Ал Боралдай ауылының әкімі болса бұл сұрақ жақын арада шешілетінін айтты.

«Водник» ықшамауданының тұрғындары айтуынша, мұндағы құбырлар 45 жылдан бері ауыспаған. Жыл сайын болатын апаттарға етіміз үйреніп қалды дейді олар. Тіпті 4 күнге сусыз қалған жұрт, жол бойындағы шұңқырға да төтеп беруге мәжбүр. 

САНДУҒАШ ДҮЙСЕНҚҰЛҚЫЗЫ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ 

Біз бірнеше жылдан бері су тапшылығын көріп келеміз. Міне, мына шұңқырдың тұрғанына 1 апта болды. Сенбі күні таңертең әкімдіктен адамдар келді. Бізге құбырды жасап, суды қосып бергенімен, шұңқыр жамалмады. 

Жекеменшік компания иесі болса 15 метр құбырды кесіп, ауыстыруға мәжбүр болдық дейді. Тұрғындар су беріңіздер деген соң, жөндеу жұмыстарын тоқтатқан. 

МАРИНА ЛОКОСОВА
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ  
Әр жаз сайын құбыр жарылады. Бір жерін жамаса, екінші жерінен су атқылап жатады. Жаз шықпай жатып, қазірдің өзінде біз сусыз отырмыз. Менің бір тиын қарызым жоқ, суға үнемі тұрақты түрде төлем жасаймыз. Бұдан былай мен «Отыншиев» жекеменшік компаниясына бармаймын. Ақша төлемеймін. Бізді Іле суға қосыңыздаршы.

МАРАТ АБАЙҰЛЫ 
КӘСІПКЕР
«Жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталған сияқты. Енді біз мұндай күрделі жұмыстарды жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ, негізінен, су 10-15 минутқа ғана өшеді. Қазір біз әкімдіктің балансына беру, яғни арзан бағада сату мүмкіндігін қарастырып отырмыз.

Ал ауыл әкімі тариф көлемі  компанияның шығынын өтемейтінін және  мәселені шешу жолдары қарастырып жатқанын айтты. 

ДАНИЯР ҚОҢЫРБАЕВ 
БОРАЛДАЙ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ

«Отыншиев» жекеменшік компаниясы мемлекетке өтеусіз өтуі қажет немесе мемлекет бұл компанияны сатып алуы тиіс. Негізінде, бізде мұндай тәжірибе бар. Үш жыл бұрын бізде жылу желілеріне ондаған жылдар бойы қызмет етіп келген ұқсас жағдай болған. Алматы облысының әкімі бұл жағдай туралы хабардар. Менің ойымша, жақын арада қандай да бір шешім қабылданатын болады.

Ал оған дейін  компания иелігіндегі  су  жүйесінде тағы да ақау туындамасына кепілдік жоқ. Десе де  әкімдік өкілдері тұрғындарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. 

Сондай-ақ оқыңыз: