Қарасай аудандық учаскелік полицейлері Ақсай өзеніне құлаған әйелді құтқарып қалды

Абай ауылының 59 жастағы тұрғыны бір өлімнен аман қалды: әйел тайып кетіп, Ақсай өзені ағып жатқан сайға құлап кеткен. Судың ағысы қатты және өзеннің шеті биік болғандықтан ол өз бетімен шыға алмаған. Көмек сұраған дауысты естіген азаматтар дереу полиция шақырған.

Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Әмірбек Бөбекбай, Мақсат Әбдірайымов және Ахан Ахметов жедел жеткен.

Әйелдің су жағасындағы бұтаққа бар күшімен жабысып тұрғанын байқаған тәртіп сақшылары дереу құтқару операциясын бастады. Аға лейтенант Бөбекбай арқанмен түсіп, жәбірленушіні байлап, кейін әріптестері екеуін де қауіпсіз биіктікке көтерген.

Полиция қызметкерлерінің сәтті әрекетінің арқасында әйел зардап шеккен жоқ. Ол инспекторларға кәсібилігі мен қамқорлығы үшін алғыс айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Алматы облысының полицейлері су айдындарына жақын жерде, әсіресе тегіс емес, жағалары тік, ағыстары қатты жерлерде аса сақ болу керектігін еске салады. Төтенше жағдайда дереу көмек сұраңыз – дер кезінде қоңырау шалу өмірді сақтап қалуы мүмкін.