«Таза бейсенбі»: Қонаевтағы төртінші саяжайдан 6 тоннадан астам қоқыс жиналды

Фото пресс-службы Алматинского областного филиала партии Amanat
Фото пресс-службы Алматинского областного филиала партии Amanat

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы барысында Қонаев қаласындағы Төртінші саяжай аумағынан 6 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Іс-шараға 50-ге жуық адам қатысып, 200 қап тұрмыстық қалдықпен қатар, ірі көлемдегі пластик бөтелкелер, сынған тұрмыстық техника мен құрылыс материалдарының қалдықтарын жинады.

Акцияға партия мүшелерімен қатар «Жастар рухы» жастар қанаты мен колледж студенттері де белсене қатысты. Қатысушылар саяжай ішіндегі жол бойын және көп жүретін аумақтарды тазартты.

«Бүгін өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында «Таза бейсенбі» акциясы 17-рет өткізілді. Осы уақыт ішінде 2 мыңға жуық азамат қатысып, 150 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Барша тұрғындарды бұл бастамаға белсенді қатысуға және қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамыз», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акция тек аумақты тазалауға емес, саяжай тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

«Мақсатымыз – көшені тазарту ғана емес, адамдарға тазалықтың маңызын түсіндіру. Бүгін студенттермен бірге Төртінші саяжайда 5 шақырымға жуық аумақты тазаладық. Балалар алаңдары мен қоғамдық орындарда да қоқыс көп. Мұндай акциялар арқылы әр азаматтың жауапкершілігін оятқымыз келеді», – деді «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі Әділет Айтқазы.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы апта сайын өтуде. Жоба ел арасында қоршаған ортаға деген жанашыр көзқарасты қалыптастыруды көздейді.