Алматы облысының әкімі агроөнеркәсіп нысандарын аралады.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар агроөнеркәсіп және әлеуметтік нысандарды аралады.

Сапар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оқу-тәжірибе шаруашылығынан басталды. Бұл база студенттердің тәжірибелік білімін шыңдап, жаңа ғылыми әзірлемелерді сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ әкім түйіршіктелген құрама жем шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Құны 500 млн теңге болатын кәсіпорын балық және мал шаруашылығына арналған сапалы жем өндіреді. Кейін өңір басшысы Есік қаласындағы жеміс консерві зауытында болып, қызанақ, алма, өрік өңдеу желілерін көрді. Кәсіпорын тәулігіне 600 тонна өнім шығарады.

Келесі нысан – «Агро Балтабай» кешені. Мұнда 12 мың ірі қара бордақыланып, сапалы ет өнімдері өндіріледі. Кешен толық автоматтандырылған.

Сапар соңында әкім Ащысай ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысымен танысты. Қазір нысанның 75 пайызы аяқталған, қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.