Алматы облысы әкімі Талғар ауданында тұрғындармен кездесті, өндіріс пен туризм нысандарын аралады
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен ашық форматта кездесті.
Әкімнің айтуынша, биылғы алғашқы жартыжылдықта облыс экономикасы 1,5 трлн теңгеге өсіп, республикада 5-ші орынға шықты. Талғар ауданы 62,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, облыста алғашқы үштікке енді. Тұрғындар су, жарық, жол, мәдени жобалар және әлеуметтік көмек мәселелерін көтерді. Қызылту ауылының тұрғыны Тоғжан Сайдинова: «Былтырғы жиналыста көтерген газ, жол мәселеміз шешілді. Енді Бакад бойына дыбыс тосқауылын орнатып берсе», – деді. Әкім одан кейін «АМИРАН» сүт зауытында болып, өнім сапасын жоғары бағалады: «Өнімдеріңіз сапалы, шығарылған күні-ақ тұтынушыға жетеді», – деді ол. Зауыт директоры мемлекеттік субсидия жайын көтеріп, әкім бұл мәселе шешімін табатынын айтты. Сапар соңында өңір басшысы 7 млрд теңгелік «Aykan Resort» демалыс аймағындағы құрылыс барысымен танысты. Жоба аяқталғанда жыл бойы жұмыс істеп, 400-ге дейін адамды жұмыспен қамтиды.