Қонаевтағы №4 жағажайдың болашағы талқыланды
Алматы облысының Қонаев қаласында орналасқан №4 қалалық жағажай төңірегіндегі дау шешімін тапты. Қапшағай су қоймасының жағалауындағы бұл аумақ коммуналдық меншікке тиесілі және «Жасыл қала Қонаев» МКК сенімгерлік басқаруында. Кәсіпкер жағажайды алты жыл бойы жалға алып, инфрақұрылымын ретке келтіргенін айтады. «Егер бізге ұзақ мерзімге жалға берсе, барлық жұмыстарды өзіміз атқарамыз. Әкімдік бізге жобасын көрсетсін, жасай алмасақ мойындаймыз. Бірақ біз жасай аламыз деп сенеміз», – деді кәсіпкер Амангелді Айдарбаев.
Ал «Жасыл қала» мекемесінің директоры Асхат Тұрсынбаев керісінше, жалға алушының бірқатар заң бұзғанын алға тартты: «Бұл кәсіпкер жерді жеке меншігіндей пайдаланып, әр көліктен және әр адамнан ақы алған. Бұл жөнінде хаттамамыз бар. Басқа жағажайлардағыдай, біз мұны да өзіміз абаттандырамыз». Мәселе Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубайдың қатысуымен өткен жиында талқыланды. «Егер инвестор келемін десе, оған жол беру керек. Белгіленген уақытта абаттандырылмаса, жағажайды бюджет есебінен абаттандырамыз. Екі тарап осылай келісіп отыр», деді депутат. Қала әкімдігі биыл шомылу маусымы аяқталған соң №6 және №7 жағажайларда құрылыс жұмыстарын бастауды, ал №8 жағажайды инвестор есебінен жаңартуды жоспарлап отыр. 2025–2028 жылдары жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 11 ірі туристік жоба іске аспақ.