Өрт сөндіру бекеті ашылды
Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы қатысып, жаңа бөлімшенің жұмысымен танысты. Заманауи талапқа сай жабдықталған бекет енді сегіз мыңнан астам тұрғыны бар тоғыз елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жаңа нысан демеушілердің қолдауымен Төтенше жағдайлар министрлігінің стратегиялық жоспары аясында салынған. Бұған дейін бұл аумақта «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы бойынша контейнер үлгісіндегі бекет жұмыс істеген. Алайда елді мекеннің қарқынды дамуы мен халық санының артуына байланысты толыққанды мемлекеттік өрт сөндіру бөлімін ашу туралы шешім қабылданды
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
«Біраз нысандар ашылу керек, әлі жетіспейді. Сондықтан да осылай қадам-қадаммен жасайтын боламыз. Барлық қолдау бар, әкімдікке тағы да рақмет айтқым келеді. Енді осымен тоқтамай, тек жақсы осындай ашылу салтанаттарында, жақсы істерде кездесетін болайық. Бүгінгі ашылып жатқан депода қызмет атқаратын біздің қызметкерлерге, өрт сөндірушілерге тек жұмыстарыңызға сәттілік, абырой тілеймін»
Заманауи талапқа сай жабдықталған өрт сөндіру бекетінде арнайы техникаларға арналған жылы бокс, кезекші ауысымның жұмыс және демалыс бөлмелері, байланыс торабы, асхана, санитарлық-тұрмыстық орындар мен газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті қарастырылған. Сондай-ақ құтқарушылардың дене дайындығын шыңдауға арналған «Batyr Team» жаттығу залы да бар.
МҰРАГЕР ШӘРІП
ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛЫ №18 ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІНІҢ БАСШЫСЫ
« Бұл өрт сөндіру бекетінде екі өрт сөндіруші көлігі және де бір сапалы техника бар. Жаңа өрт сөндіру бекеті тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықтар қамтамасыз етілген»
Салтанатты рәсімде министр жаңа өрт сөндіру бекетінің кілтін табыстап, бөлімшенің материалдық-техникалық базасын жаңа өрт сөндіру техникасы және құтқару қайығымен толықтырды. Сондай-ақ үздік қызметкерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері марапатқа ие болды.
АМАНГЕЛДІ БЕСПАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
« Жалпы Шеңгелді бұрын үлкен бекет болған. Бұл жерде арба жүрген, пошта жа жүрген. Мына өрт сөндіру бекетіміз халық үшін қызмет атқарсын, сақтықта қорлық жоқ, ел аман, аспан ашық болсын!»
Жаңа өрт сөндіру бекеті Шеңгелді, Кербұлақ, Ақөзек, Сарыбұлақ, Қосқұдық станциясы, Бөктер және Құлантөбе разъездері, сондай-ақ Тасқұм мен Шолақ ауылдарын қоса алғанда тоғыз елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сегіз мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін бөлімшенің іске қосылуы төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартып, өңірдегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.