Энергетикалық жаңғырту
Бүгін Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған Ұлттық жобаның іске асырылу барысы қаралды. 2029 жылға дейін бұл бағытқа 13 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту халықтың тұрмыс сапасын арттырып, елдің тұрақты экономикалық дамуына серпін береді. Жоба аясында 84 мың шақырым инженерлік желі жаңартылып, 27 энергия өндіру нысаны қайта жаңғыртылады. Қаржы халықаралық қаржы институттары, отандық банктер және «Бәйтерек» холдингі арқылы тартылады. Үкімет отырысында өңірлердегі жобалардың орындалу барысына да ерекше назар аударылды. Алматы облысында жалпы құны шамамен 63 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін Қонаев қаласында сумен жабдықтау нысандары пайдалануға беріледі. Келесі жылы өңірде 14 жобаны іске асыру көзделген.