Баспана бақыты
Қарасай ауданында үй кезегінде тұрған 30 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілті көп балалы аналармен мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, сондай ақ мүгедектігі бар азаматтар мен ардагерлерге табысталды. Толығырақ жаңа баспана иелерінің қуанышымен бөлісіп қайтқан тілшіміз Шұғыла Баймұхан тарқатсын.
Көптен күткен баспанасына қолы жетіп, қоныс тойын тойлағалы отырған жандардың бірі Шырын Рахметова. Жалғызбасты ананың үй кезегінде тұрғанына 11 жылдан асқан. Қос перзентін жетектеп пәтерден пәтерге көшкен ананың қуанышында шек жоқ. Енді өз үйі бар. Тек бір шарт- пәтер иелері ай сайын жалдау ақысы мен коммуналдық қызметі үшін қажетті төлемді төлеп отырса жеткілікті.
ШЫРЫН РАХМЕТОВА
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«11 жыл кезекте тұрып, осы үйге қол жеткізіп отырмын Аллаға мың шүкір. Осы кезге дейін квартирада, туыстардың үйінде тұрып жүрдік. Сонымен бүгін қуаныштымын шок болып тұрмын алғаныма сенбей. Қазір кілтті қызымның қолына табыстаймын. Менің қызымның бірнеше диагнозы бар. Больницаға жақын болса деп армандап едім. Қаскелеңде больница бәрі бар, үй ұнады керемет үй.»
Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл-аймақта тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде үй кезегіндегі отбасылардың мәселесі де оң шешімін тауып келеді.
ЖАСҰЛАН ЕСТЕНОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
« Бізде жалпы осы әлеуметтік осал топтарға жататын 7000 дай тұрғын бар. Соның барлығы кезең-кезеңімен беріліп жатыр Соңғы 2 жылдың өзінде біз 250 ден астам пәтер тараттық. Кезек едәуір жылжып, қазір кезекте тұрған адам ала алатынына көзі жетіп қуанып жатыр.»
Қарасай ауданында жыл басынан бері 150 отбасы үйлі болса, енді тағы 70 жанұяның пәтері жақын арада беріледі дейді жауаптылар. Бұдан бөлек облыс әкімінің тапсырмасымен 290 пәтер сатып алуға қаражат бөлінген. Бұл үйлердің кілті де жыл соңына дейін табысталмақ.