Гүлденген шахар

Қонаевтың көркейіп келеді. Биыл қалада гүлдендіру мен көгалдандыру жұмыстары ерекше қарқын алған. Орталық көшелер мен саябақтар сан алуан гүлге көмкеріліп, шаһардың сәні кірген. Мамандардың айтуынша, бұл тек көркемдік үшін емес, тұрғындарға жайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыруға арналған игі іс.  


Биыл Қонаев қаласында 4 мың шаршы метр аумаққа гүл егілді. Жалпы саны 100 мыңға жуық гүл көшеті орталық саябаққа, Жеңіс саябағына, Барыс аллеясына, сондай-ақ Жамбыл, Сейфуллин және Алматы көшелеріне отырғызылған. Түрлі-түсті гүлдер шаһар көшелеріне ерекше сән беріп, Қонаевтың көркін айшықтай түскен. Алайда гүлзарлардың әсемдігін сақтау тынымсыз еңбекті талап етеді. Әсіресе, кей күндері ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген аптап ыстықта көгалдандыру жұмыстары оңайға соққан жоқ. Соған қарамастан коммуналдық қызметкерлер гүлзарларды тәулік бойы суарып, қураған көшеттерді уақыт оздырмай жаңасына ауыстырып отыр.

ДАРХАН БАТЫРША
ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Ел басының тапсырмасына сәйкес Қонаев қаласында эко парктер салынуда, атап айтқанда көшпенділер эко паркі және де Барыс эко паркі. Барыс эко паркінде қазіргі таңда 2000-ға жуық ағаш егілді, көшпенділер эко паркінде 500-ге жуық ағаш егілді. Жалпы гүлдерді және де ағаштарды Қонаев қаласының шаруашылықты жүргізу құқығындағы Жасыл қала – Қонаев мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны күтіп ұстау, сұрыптау, суғару жұмыстарымен айналысуда»

Шаһар гүлзарларын безендіруге петуния, газания, тагетес, герань секілді сегіз түрлі гүл таңдалған.  Жылыжайда өсірілген көшеттерді қала топырағына бейімдеу үшін арнайы агротехникалық жұмыс жүргізілген. Мамандар алдымен топырақ құрамын толық жаңартып, содан кейін ғана гүл отырғызады.

АҚӘДІЛ ЖҰМӘДІЛҰЛЫ
АГРОНОМ 
« Апрельдің басынан бастап осы гүлдердің бәрін егіп, түгел осы жаз бойымен алты ай қарап, топырағын ауыстырып, мына жақтың топырағы нашар болғаннан кейін барлық 4 000 квадраттын топырағына ауыстырып, солай өзіміздің Тараздан гүлді өсіріп теплицамызда сегіз түрлі гүл алып келдік. Уақтылы бәрін 24 сағат екі сменмен суғарамыз. Айына екі рет дәрі береміз, әр 15 күн сайын. Топырағын ауыстырамыз, рыхлениясы бар, дәрісі бар, шөбін жұлып тұрады қыздар»

Бүгінде гүлзарларды күтіп-баптауға  мамандар жұмылдырылған. Олар таңертеңнен кешке дейін қаланың әр аумағын аралап, суару, арамшөптерді тазалау, қопсыту және күтім жұмыстарын үздіксіз жүргізеді. Гүлдендіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Мақсат – Қонаевты жасыл желегі жайқалған, тұрғындарға жайлы әрі көрікті шаһарға айналдыру.

Сондай-ақ оқыңыз: