Жанға сая – Шоғансай

Райымбек ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Табиғаты көркем өңірде ауыл тұрғындары ата кәсіппен қатар туризмді де табыс көзіне айналдырып, қонақ қабылдау мәдениетін дамытып келеді. Табиғат аясындағы демалыс орындарының қатары жыл сайын артып, ауданның туристік әлеуетін нығайтуға үлес қосуда. Солардың бірі  Шоғансай  экотуризм аймағы. Тақырыпты Аяла Ұланқызы тарқатады. 


Шоғансай экотуризмі туристерді қабылдауды осыдан бірнеше жыл бұрын бастаған. Алғашында шағын ғана демалыс орны болған нысан бүгінде заман талабына сай жаңарып, бір мезетте 50-ге жуық қонақты қабылдай алады. Мұнда демалушыларға үш мезгіл тамақ, күніне төрт рет саумал ұсынылады. Сонымен қатар караоке, бильярд, садақ ату, атпен және квадроциклмен серуендеу секілді түрлі қызметтер қарастырылған. Демалыс орнына Қазақстанның әр өңірлерінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден де тұрақты келетін қонақтар бар.


СӘРСЕМХАН БЕРІКБАЕВА
ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ ИЕСІ 
«Біз бұл жерге отбасымызбен 1992 жылы көшіп келдік. Алғашында бір ғана киіз үй мен шағын палаткадан бастадық. Туризм саласына лицензияны 2007 жылы алдық. Негізгі жұмысымыз электр жарығы тартылғаннан кейін, 2015 жылдан бастап қарқын алды. Бұрын 15–20 адам ғана қабылдайтын шағын демалыс орнымыз болса, 2023 жылы ұлымның бастамасымен жаңа қонақ үй салынды. Қазір мұнда 60 орындық кешен жұмыс істейді. Жаз мезгілінде ғана қызмет көрсетсек те, биыл келушілер саны айтарлықтай артты»

Қазіргі таңда демалыс орны күн сайын ондаған туристі қабылдап отыр. Келушілердің айтуынша, мұнда тынығып қана қоймай, ұлттық дәстүрді сезініп, таза табиғат аясында ерекше әсер алуға мүмкіндік бар.

СҮЛЕЙМЕН МАРАЛБАЙ
АУДАН ТҰРҒЫНЫ
“ Бұл жерде емдік шөптердің түр түрі бар адам денсаулығына пайдалы одан кейін осы жерге келгеннен кейін таза саумал таза қымыз ішіледі олда денсаулыққа пайдалы. сонымен бірге атпен серуендеуге болады, атпен серуендеу адам денсаулығы үшін ерекше пайдалы и одан кейін бұл жерде таза ауада түнде ұйықтайды сонымен бірге табиғатта адамның жүйкесі тынышталады әсіресе қаланың шуынан жұмыстан шаршаған адамдар ең дұрысы көлдің жағасына шетелден барып демалғаннан қарағанда өзіміздің Қазақстанның көркем де таза әдемі табиғаттарына демалған мың есе артық.”

Табиғаты көркем Райымбек ауданында экотуризмнің дамуы өңір экономикасына да оң серпін беруде. Жергілікті кәсіпкерлердің бастамасы мен туристерге жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында ауданның туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Ал инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілсе, өңірге келетін қонақтар саны бұдан әрі де көбейе түспек.

Сондай-ақ оқыңыз: