Жол апаты азайды
Алматы облысында жол апатынан көз жұмғандар саны азайды. Алғашқы жарты жылдың қорытындысы бойынша тас жолда қаза тапқандар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 32%-ға төмендеді. Бұған қауіпті жолдарда орнатылған камералар оң ықпал еткен. Бейнебақылаудың көмегімен 6 айда жол ережесін бұзған азаматтарға 10 млрд. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Тақырыпты Дастан Маратұлы тарқатады.
Жыл басынан бері өңірде мың жарымнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мамандар статистиканың өткен жылмен салыстырғанда сәл де болса төмендегенін айтады.
ЕРНАР САЙДІЛДИН
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ
«Жол қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып қала бергенмен, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар оң нәтижесін беруде. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ қаза тапқандар мен жарақат алғандардың санының төмендеуі байқалады..
Апаттарды азайту үшін қазір өңірдегі ең қауіпті деп танылған тасжолдар мен көше қиылыстары жіті бақылауға алынған. Сала мамандары тек адам күшіне ғана емес, автоматтандырылған бейнебақылау жүйелерінің көмегіне де жүгініп отыр. Күре жолдар бойындағы 325 аппараттық-бағдарламалық кешеннің 33-інің орны ауыстырылды.
ЕРНАР САЙДІЛДИН
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ
«Ерекше назар белгіленген жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлік құралын мас күйінде басқару, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және балаларды тасымалдау қағидаларын бұзу сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Статистика көрсеткендей, қайғылы оқиғалардың басым бөлігіне жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығу және рөлге мас күйінде отыру себеп болады екен. Мамандар, тек тексеріс пен айыппұл мәселені шеше алмайды. Бастысы көлік тізгіндеген әрбір жүргізуші мен жолдан өткен жаяу жүргіншінің ішкі жауапкершілігі мен мәдениеті алдыңғы орынға шығуы тиіс дейді.