Тәртіп бақылауда

Түнгі қаладағы қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда. Қонаевта прокуратура мен полиция департаменті бірлесіп ауқымды рейд өткізді. Мақсат - жол тәртібін реттеп, жағажайдағы жағдайды бақылап,  беймезгіл жүрген  жасөспірімдерді анықтау. Толығырақ Дастан Маратұлы тарқатады.


Тәртіп сақшылары алдымен қалалық жағажайға бет алды. Мұнда түнде шомылуға, спирттік ішімдік ішуге және қонуға тыйым салынған. Алайда жағалауда жабайы демалыс ұйымдастырып, шатыр тігіп алғандар көбейген. Тіпті мұны бизнеске айналдырғандар да аз емес.  «Жасыл қала» қызметкерлері заңды елемегендерді тәртіпке шақырды.  Алайда араларында қарсылық көрсеткендер де табылды.


НҰРДӘУЛЕТ НӘКЕН
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ

Рейд бұдан кейін компьютерлік клубтарда жалғасты. Прокурорлар түн ортасында ата-анасыз жүрген кәмелетке толмаған балаларды анықтады. Клубқа шұғыл шақыртылған ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ойын-сауық орындарын тексеру кезінде тағы бір заңбұзушылық әшкереленді. Кафелердің бірінде тұрғындар жаппай қорқор пайдаланған. Заң бойынша қоғамдық тамақтану орындарында қорқор қолдануға болмайды. Осы қателігі үшін кафе әкімшілігіне де, тұтынушыларға да бірдей әкімшілік хаттама толтырылды.

НҰРДӘУЛЕТ НӘКЕН
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ
 «Заңсыз алкоголь сату өнімдері бойынша 200-ші бап бойынша 8 мекемеге әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынып, біреуі лицензиядан толықтай алынған болатын. Одан бөлек жол қауіпсіздігі ережелері бойынша 600-ден астам хаттама толтырылған болатын. Және де одан бөлек аса ауыр қылмыстар біздің облыс аумағында тіркелмеді.

Жалпы алғанда, қаланың тыныштығы мен тазалығы жақсы деңгейде. Тек осындай олқылықтар кездесіп тұрады. Түнгі жол қауіпсіздігін тексеру де тұрғындардың мәдениеті жоғары екенін көрсетті. Жедел профилактикалық рейд алдағы уақытта  жалғасады.Тәртіп сақшылары бұл шараның мақсаты жазалау емес, алдын алу екенін айтады. Өйткені, ескертуі бардың, ережесі түзу.

Сондай-ақ оқыңыз: