Ерекше балаларға арналған жоба
Алматы облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 300 бала жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы өткізіп жатыр. Өңірде «Шексіз мүмкіндіктер» деп аталатын спорттық-инклюзивті жоба төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылды.
Бұл жоба биыл 13 шілде мен 22 тамыз аралығын қамтиды. Бастама еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300 бала мен олардың ата-аналарының басын бір алаңда біріктірді. Мұнда балалар бейімделген спорт түрлерімен айналысып, командалық ойындар мен шығармашылық шеберлік сабақтарына белсене қатысты.
ЗӘУРЕ ИТЕНОВА
"ДЦП LIFE" ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
« Осы төрт жыл ішінде лагерімізге 1,5 мыңнан астам бала мен ата-ана келді. Бұл - тек балаларға арналған жоба емес. Біз өзіміз жүріп өткен жолды, спорттың үлкен мотивация беретінін көрсетеміз. Лагерьде ерекше балаларға бейімделген спорт түрлерін таныстырамыз. Соның арқасында олар диагнозы мен денсаулық жағдайына қарамастан, спортпен айналысып, жан-жақты дами алады»
Мұнда ата-аналарға да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олар үшін білікті психологтардың кеңесі, мотивациялық кездесулер мен арнайы стратегиялық сессиялар ұйымдастырылады. Таяуда спорттық әрі шығармашылық сайыстарда озық шыққан қатысушылар марапатталды.
ЗУРА САДЫҚОВА
АТА-АНА
«Бұл жоба туралы әлеуметтік желіден біліп, қуанышымызға орай келуге мүмкіндік алдық. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұлымның есімі Ислам. Қазір 14 жаста. Осы жасқа дейін мұндай лагерьлерге мүлдем қатысып көрмеген еді. Ал бұл жерде балаларға деген ерекше мейірім мен қамқорлық айқын сезіледі»
Бұл игі бастама қайырымдылық қордың қолдауымен іске асып келеді. Төрт жыл ішінде бұл лагерьде мыңнан астам бала демалып, сауықтыру курсынан өтті.