Судағы қауіпсіздік

Шомылу маусымы басталғалы Алматы облысының су айдындарында 13 адам қаза тапты. Оның төртеуі бала. Ал 35 адам дер кезінде құтқарылған. Төтенше жағдайлар мамандарының айтуынша, қайғылы оқиғалардың негізгі себебі – азаматтардың қауіпсіздік ережелерін елемеуі. Осыған байланысты өңірде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған күнделікті рейдтер мен профилактикалық жұмыстар күшейтілген режимде жалғасып жатыр.


Жағдайды тұрақты бақылауда ұстау үшін Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті күн сайын профилактикалық және рейдтік жұмыстар жүргізеді. Әсіресе демалыс және мереке күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Бұл күндері жеке құрам халық көп жиналатын су айдындарында кезекшілік атқарады. Ең жоғары жүктеме Қапшағай су қоймасының жағалауына түседі. 


АРМАН МӘКЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
«... құтқару жасағының көмегімен күнделікті үш мезгілде, яғни таңертеңгі кешкі және таңғы уақыттарда су айдындарда су кемелерінің көмегімен профилактикалық жұмыс жасау, адамдарға кішігірім су қағидаларын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сол арқылы адамдарға түсініктеме жасалынады»

Облыста шомылуға рұқсат етілген 125 орын белгіленген. Жыл басынан бері талапқа сай пайдаланылмаған 10 шағын қайық анықталып, айыппұл тұрағына қойылды. Сонымен қатар судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 210 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

ЖАРҚЫН НҰРДӘУЛЕТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ
«Бір тәулікте қалалық жағажайларда оңтүстік және солтүстік жағажайларда 15-15 адамнан шығамыз, бес қайықтан. Солтүстік Қапшағай су қоймасы жағында бес қайық және бір гидроскутер, ал оңтүстік қалалық жағажайларда бірінші қалалық жағажай мен жетінші қалалық жағажайға дейін бес қайық бір скутер патрульдік жұмыс атқарамыз»

Мамандардың айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, тәуекел деңгейі әлі де жоғары. Бұған демалушылар санының артуы,  рұқсат етілмеген, арнайы жабдықталмаған демалыс орындарының көп болуы басты себеп. Сондықтан мамандар шомылу маусымы аяқталғанға дейін рейдтік жұмыстарды тәулік бойы жалғастырады. Ал тұрғындарға тек рұқсат етілген жағажайларда демалып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі  ескертіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: