Су шаруашылығына серпін қажет
Алматы облысында суармалы алқаптарды сумен қамту мен судағы қауіпсіздікті күшейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Басқосуда аймақтағы екі жүзден астам ірі гидротехникалық нысанның бүгінгі жай-күйі талқыланды. Өңір басшысы су нысандарын тиімді басқаруға инвесторларды тартуды тапсырды. Тақырыпты Дастан Маратұлы толықтырады.
Қазіргі таңда облыс бойынша суармалы жерлердің жалпы аумағы 223 мың гектардан асады. Еңбекшіқазақ ауданында 51 мың, Балқашта 26, ал Талғарда 11 мың гектардан астам алқапты суғару үшін шаруалармен келісімшарт жасалған. Бұл ауқымды жұмысты бірнеше мекеме үйлестіріп отыр. Жиында Жамбыл ауданындағы 5 мың гектар алқапты сумен жабдықтайтын 7 сорғы станциясының да ахуалы сөз болды. Жауапты сала басшылығы қиындықтарға қарамастан, әкімдік тарапынан қолдау барын жеткізді.
АЯТ СӘБИТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ СУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
«232 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері бар бізде.Оған толық су қамтамасыз ету үшін ары қарай жұмыс атқарылатын болады. Қандай көмек керек облыстық әкімдіктен оның бәрін баяндап өттік. Қандай қиыншылықтар бар, бәрін толық қолдап жатыр»
Жиында су шаруашылығы басқармасы жаңа ғимарат пен өндірістік базаның қажеттігін айтты. Өйткені бүгінде «Алматыоблводхоз» кәсіпорнының меншікті нысаны жоқ. Мамандар апаттық жағдайдағы үй-жайларда отыруға мәжбүр.Тіпті арнайы техниканы сақтап, жөндейтін де орын табылмай тұр. Бұл мәселеге қатысты аймақ басшысы бюджет қаржысын үнемдеуді ескертіп, оңтайлы шешімге келу керек деді. Сондай ақ жиында судағы қауіпсіздік жағдайы талқыланды. Облыста 71 су қоймасы, 17 гидроторап, 13 бөгет пен 118 тоған бар. Бірақ дәл осы тоғандардағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұр. Әкім су нысандарын жай ғана қоршай бермей, бұл іске инвестор тартып, кәсіпкерлер арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді міндеттеді.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Біздің региональный центр развития Алматинской области, РЦР-мен дұрыстап жұмыс істейміз десеңдер, олар тез ақ инвестор тауып береді. Ана шомылу маусымы басталғаннан бері қанша бала ағып кетті? Өйткені қарау жоқ ол тоғандарда. Бәрі шомылғысы келеді. Оны қоршаймыз ба, не балалар барады шомылады. Одан да оны бизнеске беріп, жағдай жасап, шомылатын мүмкіндіктер беру керек»
Кеңесте басқарманың штатын кеңейту ұсынысы айтылды. Бірақ, облыс әкімі бағынысты мекемелердегі 400-ге жуық қызметкердің санын емес, олардың айлықтарын көтеруді ұсынды. Сонымен қатар, облыстағы барлық су тоғандарын түгендеуді және жобалардың сапалы орындалуын бақылауды күшейту керектігін айтты.