Іле тағдыры – Балқаш болашағы
Іле-Балқаш алабы – Қазақстанның ғана емес, тұтас Орталық Азияның экологиялық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар табиғи жүйе. Балқаш көліне келетін судың 80 пайызы Іле өзенімен келеді. Сондықтан өзендегі кез келген өзгеріс көлдің тағдырына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары су көлемінің азаюы, климаттың өзгеруі, трансшекаралық су мәселелері мен Іле атырауы экожүйесінің тозуы қоғам мен ғалымдарды алаңдатып отыр. Осы өзекті мәселелер өңірлік сарапшылардың басын қосқан жиында кеңінен талқыланды.
Жиында мамандар Іле өзенінің қазіргі жағдайын, Балқаш көлінің су балансына әсер етіп отырған негізгі факторларды және табиғи экожүйені сақтаудың нақты жолдарын саралады. Сарапшылардың айтуынша, өткен ғасырдың екінші жартысынан бері өзеннің табиғи гидрологиялық режимі айтарлықтай өзгерген. Соның салдарынан көктемгі тасқын көлемі азайып, Іле атырауындағы тоғайлы ормандар мен балықтардың табиғи уылдырық шашатын орындары қысқарған.
КЕНЕХАН ТӘЖІБАЕВ
БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
« Туған ауылымызда ел көшіп, құлдырауы осы Іленің жағдайының төмендеуі. Ал Іленің жағдайы төмендеуі мынау балықтың тұқым шашатын жерінің азаюы, судың азаюы соның бәрі осы. Біз қазір бүгінгі күнде мынау Балқашқа 80% беретін Ілені сақтап қалуымыз керек»
Кездесуде Іле-Балқаш өңірінің тарихи гидрографиялық өзгерістері де сөз болды. Мамандар бұрынғы Бақанас пен Құйған секілді өзен арналарының тартылуы тұтас өңірдің табиғи тепе-теңдігіне әсер еткенін айтты. Сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқарудың маңызы ерекше. Өйткені Іле өзенінің негізгі су қоры көрші Қытай аумағында қалыптасады. Сондықтан су мәселесін халықаралық құқық пен өзара тиімді ынтымақтастық аясында шешу қажет.
МАРАТ САҒАТБАЙҰЛЫ
ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ
«Бұл мәселені бір жарым жылдан бері тұрақты көтеріп келеміз. Мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте ресми ұсыныстар жолданды. Соның нәтижесінде нақты жұмыстар қолға алынды. Қазір су құбыры желісін кеңейту мен арналарды тазалау бойынша жобалар әзірленіп жатыр.Басты мақсат ауылдарға суды қайтару. Су мәселесі шешілсе, халықтың тұрмысы жақсарып, кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына да жаңа мүмкіндік ашылады»
Сарапшылар Іле-Балқаш алабын сақтау жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге келісті. Олардың қатарында мемлекеттік экологиялық мониторингті күшейту, Іле атырауын қалпына келтірудің кешенді бағдарламасын қабылдау, трансшекаралық су ынтымақтастығын дамыту, балық және аңшылық шаруашылығын жетілдіру секілді бастамалар бар.