Экологиялық жобалар байқауы

Алматыда еліміздегі жастарға арналған ең ірі экологиялық жобалардың бірі – “Тұрақты жол ” байқауының қорытындысы шығарылды. Еліміздің барлық аймағынан келген оқушылар жетекші сарапшылардан тәлім алып, өздерінің экологиялық стартап жобаларын әзірледі. Байқауда он сегіз команда финалға жолдама алды. Үздік бастамалар қаржылай қолдауға ие болды. Жас экологтардың тың идеялары жайлы тілшіміз Айсұлтан Бақтан баяндайды.


Жоба аясында қатысушылар танымдық дәрістер мен бейінді шеберлік сабақтарына қатысып, экологиялық жобаларды команда болып әзірлеудің қыр-сырын меңгерді. Сондай-ақ қорытынды презентация дайындап, өз бастамаларын қазылар алқасының алдында сәтті қорғауға машықтанды.Білім беру бағдарламасын экология, кәсіпкерлік, медиа, қаржылық сауаттылық және инновация салаларындағы жетекші сарапшылар жүргізді.


АЙСАНА МЕЙРАМ
ЮНЕСКО КЛУБТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ
«..біздер 7 команда іріктеп алдық. Ол 7 команда қазіргі кезде өздерінің жұмыстарын тағы да көрсетуде. Сол 7 командадан жалпы ең үздік 3 команда алынатын болады»

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы қаласының EcoStep командасы иеленді. Екінші орын Орал қаласынан келген қатысушыларға бұйырса, үшінші орынды Өскемен қаласының командасы жеңіп алды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 5 миллион теңге. Жеңімпаздар бұл қаражатты өздерінің экологиялық бастамаларын дамытуға және жобаларын жүзеге асыруға жұмсай алады. 

САБИНА ТӨЛЕПБЕК 
БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ 
«Бәріміз білеміз, ағынды сулар фабрикалардан шығады және олардың құрамдарына көбінесе ауыр металлдар болады және олар адамдарға, өсімдіктерге, жануарларға да көп зақым келтіреді. Және біз сол зақымды жойып қана қоймай соны пайдаға айналдырамыз. Жұмыс принципі яғни сол құрылғының ішіне су барады, тоқ әсерінен бізде реакция жүреді да нәтижесінде біз қайта қолдануға дайын металл аламыз және тазартылған су аламыз. 

«Тұрақты жол» – өскелең ұрпақтың бойына мәдени, адамгершілік және экологиялық құндылықтарды сіңіріп, туған өлкенің табиғатына жанашырлықпен әрі жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасы. Бұл жоба жеті жылдан бері үздіксіз жүзеге асырылып, жастардың экологиялық санасын арттыруға және табиғатты қорғау бастамаларын қолдауға үлес қосып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз: