Әскери шеберлік жарысы
Қонаев гарнизонында заманауи соғыс тәсілдерін меңгерген үздік сарбаздар жауынгерлік сынға түсті.
Өңірлік әскери прокуратураның ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Aсау» әскери шеберлік жобасының үшінші кезеңі мәресіне жетті. Үздік жауынгерлер ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарып, бліктілік танытады. Технология мен тактика тоғысқан бәсеке туралы әріптесім Дастан Маратұлы толық айтсын.
«ASAU-2026» жобасының бәсі жоғары. Додаға қатысқан жалпы саны 4 мыңнан астам жауынгердің ішінен тек оқ бойы озық шыққан 9 сарбаз ғана осы үшінші кезеңге жолдама алды. Финалдық сын заманауи дрондармен жау көзін жою тактикасына арналған. Мұнда іріктелген үздік тоғыздық әуеден барлау жүргізіп, арнайы белгіленген нысананы тауып, оған дрон арқылы граната тастау тапсырмасын орындады. Шартты жарылғыш зат нүктеге дәл тигенде ғана жарылыс есепке алынады. Мұнда қатысушылардың ұшу шеберлігі, көздеу дәлдігі мен жылдамдығы маңызды.
ҚУАНЫШ ЗҰЛҚАШЕВ
ҚОНАЕВ ГАРНИЗОНЫ ӘСКЕРИ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Финалдық кезеңде жалпы алты этап қарастырылған. Оның бүгін үшінші кезеңі дронмен барлау. Осыған дейінгі ұлттық ойындарға, садақ ату, пышақ лақтыру кезеңдеріне бағытталған этап өтті. Одан кейін жүзу этабы өтті. Қазір міне үшінші кезең. Бұдан кейін біздерде Дубай челленджге ұқсайтын этап бар, зияткерлік кезең, сосын ату кезеңі бар»
ДАСТАН МАРАТҰЛЫ
ТІЛШІ
«Мінекей, өздеріңіз байқағандай, бұл алтыншы үміткердің нысананы дәл көздеуі болды. Жалпы тоғыз үміткердің ішінде әзірге алтауы ғана нысананы дәл көздеп шықты. Жарыстың соңында сол үздіктердің ішінен уақыттары есептеліп, ең мықтысы анықталатын болады.
Жарыста оқ бойы озық шыққан үздіктер еліміздің элиталы бөлімшелеріне қызметке тұруға бірегей мүмкіндік алады. Оған қоса, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен марапатталып 10 күндік демалыс беріледі. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлер де бұл бәсекеге барын салып бағуда.
ЖОМАРТ ШӘКІРЖАН
САРБАЗ
«Дайындық керемет. Мен өзімнің, өзімнің әскери бөліміме және командиріме үлкен рахмет айтамын. Маған үлкен поддержка беріп, қатты ауыр болған жоқ. Тек осыған дейін кішігірім қателіктерім болды, кішігірім кедергілер болды. Бірақ әлі алда жарыс, бұйырса. Сол үшін барынша күшімізді салып, жарысқа қатысып жатырмыз»
Дронмен барлау кезеңі сәтті аяқталды, алайда «ASAU–2026» жобасы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта жауынгерлерді бұдан да күрделі сынақтар күтіп тұр. Олар шыңға өрмелеу шеберлігін көрсетіп, ғимарат ішіндегі лаңкестердің көзін жою, яғни арнайы басып алу тактикасы бойынша бақ сынасады. Жарыс тамыз айының соңында қорытындалынады.