Мектепке жол

Алматы облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл 1 қыркүйекте өңірдегі 385 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды.  Облыста 4200 орындық, бес жаңа мектеп пайдалануға беріледі.Нәтижесінде  үш ауысымды мектептердің саны қысқарады. Ал оқушыларды мектепке дайындау барысы қалай жүріп жатыр? Аружан Мұратқызы әңгімелейді. 

Биыл Жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 63 мыңнан астам оқушыға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатқа 3 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бөлінген қаражатқа ата-аналар мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарлары мен өзге де қажетті оқу құралдарын сатып ала алады. Сонымен қатар көптеген отбасы мектеп жәрмеңкелеріндегі жеңілдетілген бағамен қажетті заттарды қазірден сатып алып жатыр. 


ГАУХАР ӨМІРЖАНОВА 
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Мен көпбалалы анамын. Төрт балам бар. Енді мектепке дайындықты бастадық. Қазір енді мектепке жол деген акция бар соны күтіп отырмыз. Соның бағасын салыстырамыз. Қарап көреміз қымбат па, арзан ба. Немесе базардан болсын аламыз ғой енді бала-шағаға. Енді жылдан жылға баға деген өсіп жатыр ғой» 

Өңірде мектептерді жаңа оқу жылына дайындаумен қатар дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы да бастау алды. Тамыз айының соңына дейін жалғасатын игі шараның мақсаты – әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдау. Акция аясында мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып, қайырымдылық шаралары өткізіліп, мұқтаж отбасыларға атаулы көмек көрсетіледі.

ДИАНА ОНБІРБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Биылғы жылы 52 жалпы орта білім беретін мектеппен бастағалы отырмыз. Енді жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы біз бұғанға дейін жұмыс істеген мектептердің сыртында тағы да бізде 5 мектеп келешек мектебі қызметін бастайды. Оған қосымша тағы да балалар қамтылатын болады. Сонымен 3 мектеп бізде үш ауысымды оқыту мәселесін шешетін болатын болса, екі мектеп балалар орны тапшылығы мәселесін шешетін болады»

Облыстың қала-аудандарында өтетін мектеп жәрмеңкелерінің кестесін жергілікті әкімдіктер бекітеді. Сонымен қатар әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарды қабылдау жалғасуда. «Мектепке жол» акциясы аясындағы барлық іс-шараларды тамыз айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз: