Аққайнардың абыройлы диқаны

Еңбекпен келген ырыстың қадірін білетін жандар аз емес. Бірақ сексеннің сеңгіріне шықса да, трактордың тізгінін өзі ұстап, егін алқабынан бір сәт қол үзбейтін қарияны кезіктіру бүгінде сирек. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Аққайнар ауылындағы «Төре» шаруа қожалығының иесі Қамбархан Үмбетов – дәл сондай еңбек адамы. 


Қамбархан Үмбетов Ол шаруашылықтың негізін екі мыңыншы жылдардың басында қалады. Содан бері маңдай терімен нәсібін тауып, адал еңбектің арқасында ауыл шаруашылығын өркендетіп келеді. Сексен жастың биігіне шыққан ақсақал әлі күнге дейін көлігін өзі тізгіндеп, егістік басындағы әр жұмысты жіті қадағалайды. Қамбархан қария үшін еңбек өмірдің басты қағидасы. Ол осы ұстанымды балаларының бойына да кішкентайынан сіңіре білді. «Нанның әр түйірі – маңдай тердің өтеуі» деген тәрбиемен өскен ұлдары бүгінде әке ісін жалғап, шаруашылықтың барлық жұмысына белсене араласып жүр. Бірлігі жарасқан отбасының берекесі де осы еңбекке деген құрметтен бастау алады.


ҚАМБАРХАН ҮМБЕТОВ 
ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Осы ауылшаруашылығы, егін шаруашылығы Қазақстанның ең бір пайдалы саласы ғой деп ойлаймын.  Жастарға айтарым ауылшаруашылығына келсе, өнегелі, өсіетті болса. Қазақстанның адал да әділетті азаматтары болса деген ойдамын» 

Биыл «Төре» шаруа қожалығы Аққайнардың құнарлы жеріндегі 30 гектар алқапқа  бидай екті.  Көктемгі жауын мен жазғы қолайлы ауа райының арқасында егін бітік шығып, алтын дән  жайқала өскен. Қазір шаруалар орақ науқанын бастап, астық жинауға кірісті. Шаруашылық тек бидаймен шектелмейді. Арпа мен мал азығы да молынан егілген. 


ҚАМБАРХАН ҮМБЕТОВ 
ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Қазір егін екпеген азаматтар бар. Солар келіп алып кетеді. Қалғанын халқыма бөліп беремін. Одан қалғанын өз шаруашылығыма жұмсаймын. «Бидайдың сабанын, жоңышқаны, арпаның сабанын бәрін бәрін жинап мая салып жатырмыз» 

Аққайнар ауылының белгілі диқаны Қамбархан Үмбетов – туған жердің берекесін арттыруға ғұмырын арнаған еңбек майталманы. Сан жылдық тәжірибесі мен маңдай терімен ол ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып келеді. Еңбек жолы кейінгі буынға үлгі, жастарға өнеге.

Сондай-ақ оқыңыз: