Заңсыз әрекет анықталды
Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінде емдік өсімдікті заңсыз жинаған азамат анықталды. Аумақты бақылау кезінде парк қызметкерлері жабайы жалбызды жинап жүрген тұрғынды байқаған. Азамат орман билетінсіз үш келіге жуық өсімдікті теріп үлгерген. Заң бұзушыға бірден әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Ұлттық парктегі өсімдіктер мен жануарлар ерекше қорғалады. Сондықтан мұнда қатаң талаптар бар. Қолданыстағы ережелер мен Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттік ұлттық парктерде ағаш кесіп, өсімдіктерді жұлуға, сондай-ақ жеміс, тұқым және өзге де табиғи байлықтарды жинауға тыйым салынады.
ЕРЖАН НҮСІПБАЙ
ІЛЕ-АЛАТАУЫ ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ТАЛҒАР ФИЛИАЛЫ ЖЕДЕЛ ТОБЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
«Таулы аймаққа тексеріске шыққан кезде күдікті азамат анықталды. Ол дәрілік шөптерді, нақтырақ айтқанда жалбыз өсімдігін жинап жүрген. Жиналған өсімдік көлемі шамамен 2,5–3 келі болды. Қазір оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 370-бабының 4-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Келтірілген залал мөлшері шамамен 10 мың теңге. Ал айыппұл көлемі - 129 750 теңге»